Алматының әкімі қызметтік көлігін тастап, велосипед мінетінін айтты
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек астындағы автокөліктен бас тартатын болды. Алматының экологиялық ахуалына алаңдаған әкім бүгін өзінің есеп беру жиынында астындағы машинасын тастап, велосипедке мінуді ойлап жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
"Әкімдіктің 86 қызметкері велосипедке отырады. Өзім де отырам. Барлық көлікті газға ауыстырамыз" - деді әкім.
Шенеунік осылайша әбден ластанған ауаны аз да болса түтіннен тазартпақшы. Өйткені, ауадағы көмірқышқыл газының 80 пайызы кептелістегі көліктерден шығады екен. Осылайша тосыннан жаңа джипі мен қызметтік «Мерседесіне» мінуден бас тартқан Байбек басқаларды да көліктен түсіп, жаяу жүруге шақырды. Сонда тұрақ мәселесіне бас қатырып жатпаймыз дейді әкім. Кейінгі кездері қалада көліктердің тым көбейіп кеткенін алға тартқан ол кілең шетелдік қымбат машиналарды тізгіндеген студенттерге де шүйлікті. Себебі, оқу орнына бас-басына біреуден мініп келетіндердің темір тұлпарлары төңірекке сыймай, оқу орнының алдына дейін көліктерін тіреп қоятын болған. Бұл жайтқа алаңдаған басшы студенттерді жаяу немесе велосипедпен жүруге шақырды.
- Бауыржан Байбек
- аким Алматы
- қызық ақпарат