Елбасы әріптестерінен кешірім сұрады
Бүгін елімізде алғаш рет Алғыс айту мерекесі аталып өтілуде. Айтулы күнге орай Астанада өтіп жатқан мерекелік шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Ол қазақстандықтарды осынау мейраммен құттықтап, Алғыс айту күнінің мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар Президент өз қызметкерлерінен кешірім сұрады, деп жазды sn.kz порталы.
ҚР Президенті ең алдымен осынау кең-байтақ жерді бізге мұра етіп қалдырған ата-бабаларымызға алғыс айтуымыз керектігін жеткізді. Сондай-ақ, қазіргі қиын-қыстау заманда тату өмір сүріп жатқандығымыз үшін баршамыз бір-бірімізге рахметімізді аямау керек деп есептейді Н.Назарбаев.
"Бұл күні жақсылық істеуді де ұмытпау керек, жақсылыққа жақсылықпен жауап қату, бір-бірімізге құрмет көрсетуге тиіспіз. Егер өкпе-реніш болса кешірім сұрап, кешіріммен қарау керек. Мен бүгін таңертең өз әріптестерімнен кешірім сұрадым. Мүмкін оларды жұмыс бабымен ұрысқан шығармын, олар ренжіген шығар... Бүгін отбасынан бастап барлық еңбек ұжымдарында алғыс айтумен бірге кешірім де сұрау артықтық етпейді" деп атап өтті Елбасы.
Айта кетейік, 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынған болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілді.
- Нурсултан Назарбаев
- президент
- Елбасы
- Нұрсұлтан Назарбаев
- Корреспондент
- қызық ақпарат