Қазақстандықтар жақсы өмір іздеп о дүниеге аттануда
Ешқандай да таңсық оқыған жоқсыз. Дәл солай. Себебі бізде өз-өзіне қол жұмсау деректері көбейіп кетті. Біреуге ренжісе де, несие алып, төлей алмаса да өз өмірімен қоштасуға дайын тұрады. Енді бірі бұл өмірде шындық іздеп шырылдап, таппаған соң о дүниедегі жағдай жақсы деп ойлауы керек, өз-өзіне қол жұмсай салады. Әрине, әркімнің басына түсетін жағдай әртүрлі. Саралап-сараптап, «мынаның өмір сүруіне болатын еді» немесе «мынаның суицидке барғаны жақсы болды» деп отыруға құқымыз жоқ.
Өмірмен оңай қош айтысатындар санының артуы саясаттанушы Айдос Сарымда да мазалап жүр. Танымал саясаттанушы бұл ойын «фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы бөлісті.
«Атырау жақта тағы бір азаматымыз өзін-өзі өртей жаздапты. Бір сұмдық эпидемия, дерт болды осы. Біздер өз азаматтарымызды өлімге мықтап дайындаймыз да, лайықты өмір сүруге үйретпейтін мəдениетпіз. Отан үшін отқа түс дейміз де, Отан үшін өмір сүр дегенді айта бермейміз» деп қынжылды жазба авторы.
«Өмірге емес, өлімге деген сенім нық: себебі көмусіз қалмайтынымыз анық. Өлсек асымыз, садақамыз берілер, өмір сүрсек өзімізбен-өзіміз. О дүниеден емес, бұ дүниеден көбірек қорқатын сияқтымыз. Адам капиталы жұқарған, жұтаған қоғамбыз шынын айтса» деген пікірімен ойын түйіндеген саясаттанушы.
Бұл жазбаны оқыған желі қолданушылары автордың оқырманға жеткізбек болған ойын ұғып, қолдау көрсеткен. Тіпті өзара пікір таласқандары да бар. Ербол есімді желі қолданушысы соңғы кезде БАҚ «жоғары қабаттан секіріп, бақилық болыпты», «өз-өзін өртеп жіберіпті» деген сарынды ақпараттарды таратуды азайтса деген тілегін білдірген. Оның ойынша, мұндай ақпараттар басына қиындық туған тұрғындарға осылай істеуге болады дегендей кеңес беріп жатқар көрінеді. Ал келесі бір қолданушы өзі-өзіне тек ерік-жігері басымдылар ғана баратынын алға тартып, «Демек біз бүгін солардан айрылып жатырмын. Беті аулақ, егер ел басына күн туса, кеудесін отқа төсер батырлар солар болар ма еді?! Бәріне азған қоғам мен әділетсіздік себепші!..» деп ойын жеткізсе, бұған келесі бір қолданушы "Шарасыз, тығырыққа тірелген адамнан герой жасамай-ақ қоялық! "Кәпір өлімді" аз насихаттап жатқан жоқ!» деп қарсылық танытқан.
- Қазақстан
- Казахстан
- рай
- ад
- қызық ақпарат