Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: «Барлығын топтастыратын, барлығы соған келісетін идеология – жемқорлық»
Шынын айту керек, ағымдағы жылдың алғашқы жартысы ешкімнің «ішін пыстырған» жоқ. Халықтың да, биліктің де. Жер кодексі төңірегіндегі қызу пікірталастар мен шерулер, Ақтөбедегі террорлық шабуыл, Тоқтар Төлешовтің билікті құлатуға ұмтылуы туралы ақпараттың кенеттен гу ете қалуы... Бәрімізді әрі-сәрі етіп қойды. Әр нәрсені өз атымен атап үйренген, аузы дуалы сарапшылар тіпті Қазақстанның дәл қазір шиеленіскен саяси дағдарысты бастан кешіп отырғанын ашық айтуда. Саяси дағдарыс демекші, онсыз да ел ішіндегі оқиғалардың көрігі қызып жатқандықтан ба, әлде «ораза, намаз – тоқтықта» ма, «жаһандық дағдарыс» дейтін тақырыптар да жайына қалған. Бұл ненің белгісі? «Көп қорқытады, терең батырадыны» елемеудің салдары ма, әлде ұлттық идея һәм мемлекеттік идеологияның әлсіздігі ме? Осы сауалдарды танымал саясаттанушы Расул Жұмалыға қойып көрдік.