«Аяз ата, қандайсың?! Тоқсандағы шалдайсың...»
«Аяз ата, қандайсың?! Тоқсандағы шалдайсың. Өтірік сақал жалғап ап, Балаларды алдайсың». Осы бір тақпақты жаңа жылдық шыршаға ініме жаттауға беріпті. Балабақшаға биыл барған бала ғой, мән-мағынасын түсініп жүрген ол жоқ. Тақпағына қарамай Аяз атаға сенеді, сыйлық күтеді. Бірақ бүгінгі балалар ол сияқты Аяз атаға сене ме? Жаңа жыл таяғанда Аяз атаға бұрынғыдай хат жазатын балалардың да қатары сирегені бесенеден белгілі. Оған жоғарыдағыдай тақпақтардың көбейгендігі, бүгінгінің балаларының Аяз атаның шапан-сақалының астынан таныс жүзді іздейтіні бір дәлел. Әйтсе де жаңа жылды Аяз атасыз елестету мүмкін емес. Әлі де оның ат арылтып алыстан келетініне иланатын балалар баршылық.