Шымкенттің қос ауданында жыл басынан бері 902 млн теңгенің мүлкі заңдастырылған
Шымкенттегі Абай және Еңбекші аудандарында жыл басынан бері 902 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын мүлік заңдастырылған. Нақтырақ айтқанда, қалаға қарасты Абай ауданында "Мүлікті жария ету" Заңына сәйкес, 2016 жылы құны 1 млрд 294 млн теңге болатын 107 өтініш келіп түсіп, оның 55-інің мүлкі жария етілген. Жалпы сомасы 756 млн 500 мың теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай ауданының әкімі А.Татыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімінің айтуынша, мүлікті жария ету науқаны басталғалы ауданда құны 8 млрд 400 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын 602 мүлік заңдастырылған. Сондай-ақ, ол ҚР аумағындағы жылжымайтын мүліктен басқа азаматтарымыз шетелдегі жылжымайтын мүлкін, ақша мен бағалы қағаздарын, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін де заңдастыра алатынын, құжаттарды қабылдау жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік кіріс басқармаларында жүргізілетінін жеткізді.
Мәселен, бүгінде Абай ауданында құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес салынған тұрғын үйлер мен ғимараттар, мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамға ресімделген жылжымайтын мүлікті заңдастыру бойынша құжаттар қабылдануда.
Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ильясовтың сөзіне сенсек, бұл ауданда жыл басынан бері жалпы құны 489 млн теңге болатын 45 өтініш келіп, оның 146 млн теңге көлеміндегі 20 мүлік жария етілген.
Еңбекшіде мүлікті жария ету науқаны басталғалы құны 5 млрд 111 млн теңгеден астам 385 өтініш келіп түсіп, 290 өтінішке мүлікті жария ету туралы шешім шығарылып, заңдастырылған.
Айта кетейік, елімізде мүлікті жария ету науқаны ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.
- шымкент
- легализация
- мүлікті жария ету
- Абай ауданы
- Еңбекші ауданы
- Корресопондент