Амантай АСЫЛБЕК, «Аттан» қозғалысының жетекшісі: «Қазақстанның туын көтеру үшін биік ағаштың басына да шықтым»
«Аттан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбекті жұртшылық түрлі қоғамдық-саяси шараларға белсене араласып, ат үстінен түспей, қазақ қоғамын имандылыққа шақырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге үндеп жүрген азамат ретінде таниды. Ол өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында құрылып, Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысы белсенділерінің бірі болды. Тіпті Семей ядролық полигоны командованиесінің 1991 жылдың 28 тамызынан бастап сынақ алаңында ешқандай жарылыс болмайтыны жайлы мәлімдемесі мен хаттамасында, анықтамасында жауапты тұлғалармен қатар «Аттан» бейбітшілік шеруі қоғамдық комитетінің төрағасы һәм ядролық полигонды жою жөніндегі халықтық штабтың жетекшісі ретінде Амантай қажының да аты аталады.