Сайлауға қатысатын бақылаушыларды дастархан жайып, қонақ етуге тыйым салынды
Мәжіліс пен Мәслихат сайлауына келетін бақылаушыларға қазы-қартаға толы мол дастарқан жайылмайды. Шетелдік сарапшыларды қазына қаржысы есебінен мейрамханаға шақыруға, олар тұрып жатқан қонақ үйдің ақысын төлеуге де тыйым салынған. Яғни, бақылаушылар бар шығынды өздері көтеруі тиіс, деп хабарлады КТК арнасы.
"Сайлау кезінде сырттан келген бақылаушылардың шығыны үшін сарапшыларды жіберген мемлекет немесе халықаралық ұйым арнайы ақша бөледі. Бақылаушының өзі де қалтасынан қаржы қосуына болады. Халықаралық құжатта солай жазылған",-деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова.
20-наурызда өтетін сайлауды бақылауға қатысу үшін шетелдік мамандар Сыртқы істер министрлігінен арнайы шақыру алуы тиіс. Содан кейін сарапшылар аккредитациядан өтеді. Бұл тәртіп шетелдік журналистерге де қатысты. Мәжіліс пен Мәслихат сайлауының әділ өтуін қадағалау мақсатында АҚШ, Еуропа, және ТМД елерінен мыңға жуық бақылаушы келмек. Орталық сайлау комиссиясы шетелдік 40 маманды тіркеуден өткізіп үлгеріпті. Олардың қатарында ОБСЕ мүшелері де бар. Бақылаушылар саяси дода аяқталған соң арнайы жиын өткізіп, өз бағаларын береді. Сырттан келген сарапшылардан бөлек отандық прокурорлар мен судьялар да тұрғындардың кез-келген арыз-шағымын қабылдауға дайын. Ал, қазір Мәжіліс мандатынан үміткер партиялар ел аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
- сайлау
- выборы
- қызық ақпарат