«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің рахатын көретін бірден-бір аймақ – өзіміз. Ой-шұқырға ұрынбайын деп рөлмен алысып отыратын заман жоқ қазір, қай ауданға барғың келеді, көзді-ашып жұмғанша жетіп барасың. Көлік бүлкілдемей, бүйрек алынбай, нысаналы жеріне жеткен әр пенде «Апырай, мына жолды не де болса қатырған екен» деп айтып қалады міндетті түрде. Құдайдың қарасқаны да, өзгелердей аудандарымыз әр жақта шашылып жатса, мұндай болар ма еді, болмас па еді. Қыздың тізген моншағындай өзен жағалай қоныстанған елдің ырзық-несібесі, әрине, темір жол мен автожол дегеннің азабы біз үшін жат дүниеге айналды.