Той-томалаққа, шашылып-төгілуге құмар қазекемнің қайғылы қазаның өзін қызықшылыққа айналдырып жіберетін «мінезі» бар. Үйлену, бесік той, сүндет той болса бір сәрі, атпалдай азаматтың немесе аяулы ананың, әкенің қайтыс болғанына арнап ас беру, ас бергені мейлі ғой, сол астың аяғында дүркіреген той секілді етіп, ағайынға арнап көкпар беру, ондаған темір тұлпар, миллиондаған теңге тігіп, бата берген қариядан бет сипаған балаға шейін ат мінгізіп шашылу – осы күнгі бай-бағландардың өзара жарысына айналып кеткен. Бір қараған адамға әкенің немесе шешенің әруағы деген тек сылтау сияқты. Асты желеу етіп, жылдар бойы жиған-терген атақ-абыройын, бедел-билігін, мал-дүниесін, ақша-сабанын қалың елге паш ету, мақтану, көрсету, шашылу, бір сөзбен айтқанда – ысырап.