Матаевтың телефон мен интернетті пайдалануға құқығы жоқ
Алматы қаласы Медеу аудандық 2-сотының судьясы Анина Байдәулетова Қазақстан журналистер одағының басқарма төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейітқазы Матаевты үйқамаққа шығаруға үкім етті, деп жазды Азаттық.
Матаевқа отбасы мүшелері мен адвокатынан өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салынған, сондай-ақ оның телефон мен интернетті пайдалануға да құқығы жоқ. Матаевтың тұрғылықты жері күзетіледі. Осылайша судья прокуратураның «Сейітқазы Матаевқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішін» қанағаттандырды.
Ал Матаев өзін үйқамаққа шығаруды емес, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберуді сұраған.
«Соттан өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеуге мүмкіндік беруді сұраймын. Бұл ең алдымен өзім үшін, менің абыройымды сақтап қалу үшін қажет. Мен елден ешқайда кетейін деп отырған жоқпын. Тағылған айыпты толығымен мойындамаймын, сондықтан өзімді қорғауға мүмкіндік берсеңіз. Ал үйқамақта болсам, ондай мүмкіндік болмайды»,-деді Сейітқазы Матаев. Айта кетейік, Сейітқазы Матаевты коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы қалалық департаменті "бюджет қаржысын жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деген күдікпен ұстаған.
- Сейтқазы атаев
- Сейтказы Матаев
- ҚазТАГ
- қызық ақпарат