Ақтөбеде аудан әкімі "крышасы" жоқтығын айтып ақталды
Ақтөбе облысы, Қарғала ауданының әкімі Рахат Сыдықов "крышасы" жоқтығын, бүгінгі жетістігіне өз еңбегімен жеткенін айтты. Сонымен қатар аудан басшысы ешкімнің мұрнын бұзып, басын жармағанын да жасырып қалмады. Бұл туралы NUR.KZ порталы жазды.
"Жұмыстың тез орындалғанын талап етеміз. Жылдамдау адаммын. Жігіттерге кейде талапты көбірек қойып жеберемін. Олар орындалмай қалғанда ашуланатыным бар", - деген Рахат Сыдықов ешкіммен жаға жыртысып көрмеген.
Ол өзі туралы көпшілік арасындағы «төбелескіш әкім» деген тіркестің дұрыс емес екендігін айтып, жоққа шығарды.
"Біреулер түріме қарап сіз қатты адам сияқтысыз, үнемі қабаңығызды түйіп жүресіз» дейді. Ешкімнің мұрнын бұзып, басын жарған жоқпыз. Жұрт айта береді, болмаған жағдайды әсірелеп айта береді. Жас кезімізден Шалқарда күреске қатыстым, бірақ осы жасыма келгенше ешкімнің жағасынан алып көргенім жоқ. Жалпы жұрт сыртымызға, жүріс-тұрысымызға қарап айтатын шығар. Спортпен әлі де айналысамын, спорт залдарға барып тұрамын", - деді әкім.
Рахат Мәжитұлы жас кезінен жоғары қызметтерді басқарып келеді. Ол 1986 жылы ауылға студент болып келіп, қызметтік өтілін инженерліктен бастаған. Кейін ауданаралық басқарма басшысы болған Рахат Сыдықов 2002 жылы Шалқар ауданының әкімі болып тағайындалған болатын.
Бір ауданды 11 жыл басқарған әкім 2013 жылы Қарғала ауданына әкімдікке тағайындалды. Рахат Мәжитұлының бұл ауданды басқарғанына да үш жылға жуықтады. Аудан әкімі ешқандай «крышасы» жоқтығын айтты. Айтуынша, барлық жетістікке өз еңбегімен жетіп жүр.
"Отбасында сегіз ағайындымыз, олардың бірі де мемлекеттік қызметте емес, өздерінің жеке шаруалары бар. Ел басқару, қарапайым мекеме басқарудың өзі оңай емес. «Міндет алдың, індет алдың» дейді қазақта. Мойынға алғаннан кейін халықтың алдында абыроймен жұмыс істегенді қалаймыз. Ең бірінші адами құндылықтарды бірінші орынға қоямыз. Біз мемлекет қызметкеріміз, яғни, солдатпыз. «11 жыл Шалқарды басқардың, басқа жақты баруға дайынсың ба» дегенде мен: " Мемлекетке қызмет етемін. Қай жерге керекпіз, сол жерге барамын деген болатынмын",- дейді ол.
- Ақтөбе
- Бердібек Сапарбаев
- Рахат Сыдықов