Қазақстандықтар күйеуінің тегіне өтуге жаппай қарсылық танытты
Қазақстандық журналист Марат Тоқашбаев әйелдің некелескеннен кейін күйеуінің тегіне көшуі кеңестік кезеңде орыстардан ауысқан салт деп есептеп, оған қарсылық танытты. Бұл туралы ойын журналист «фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Ол жаппай қолдауға ие болды.
«Әйелдің фамилиясы өзінікі болу керек» деген тақырыппен жазылған жазбада автор «Қазақтың өз төл дәстүрінде әйелді «пәленшенің келіні» немесе «пәленшенің әйелі» деп атау қалыптасқан. Қазақ әйелдері ешқашан қайын атасының, қайынағаларының атын атамайды. Тіпті күйеуінің де атын айғайлап атай бермеген. Сондықтан күйеуінің фамилиясына көшу бұл ата салтты бұзып, қайын аталарының атын атауға мәжбүрлейді. Мысалы, Тұраров Қайыптың әйелі Сәбира фамилиясын Тұрарова деп күйеуінің фамилиясына өзгертсе, аты-жөнін сұраған орындарға Тұрарова деп фамилиясын айту арқылы атасының атын мізбақпай жариялап тұрады. Кеңестік кезеңде, колхоздастыру шағында некедегі әйелдер орыстық әдетпен күйеуінің фамилиясымен жазылып кетті. Сол аналарымыз дәрігерге, кассаға, ресми орындарға барғанда қайынатасының атын атап қоймауы үшін қасына баласын, қайын сіңлісін, т.б. ертіп жүріп, фамилиясын соларға айтқызатын. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында тұрмысқа шыққан қыздар байыбына барып жатпастан дәстүр солай ғой деп күйеуінің тегіне көше салатын болды» деп жазды. Тіпті пост авторы өз ойына қатысты Мұхаммед Пайғамбердің сөзінен мысал да келтірген.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде: «Кімде кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе ... Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті соған болсын», – деген ғой. Осы хадис әйелдердің фамилиясын күйеуінің фамилиясына ауыстырудың дұрыс емес екендігін анық ұқтырып тұрғандай» деп ойымен бөлісті М.Тоқашбаев.
Бұл жазба желіде толықтай қолдауға ие болған. Пікір жазғандардың барлығы журналистің ойымен келіскен. Бірі «Айтып жүрміз тыңдайтын құлақ болса... Мемлекет бірыңғай бірізді фамилиядан арылтуға заң қабылдау керек!» деп те пікірін жазған. Ал келесі бірі "...Ұят-ай,атасының атын күнде мың рет атап отырса,ол келіннің ұрпағына берер қандай өнегесін атап айта аламыз?Әркімнің жеме-жемге келгенде өз әкесінен бас тартуы-САТҚЫНДЫҚ емес пе? Ойланайық болашақ АНАЛАР!!!" деп көпшілікті ақылға келуге шақырған.
- Марат Тоқашбаев
- Марат Токашбаев
- журналист
- фамилия
- тегі
- Корреспондент
- қызық ақпарат