Шымкентте тұңғыш рет қойлардың көрмесі өтеді
Наурыз мерекесіне орай Шымкенттегі Қошқар Ата өзенінің бойында «Саиль Қошқар-Ата» көктем мерекесі өтеді. Алғаш рет ұйымдастырылып жатқан мұндай шара қазақ халқының ежелгі үрдісін жандандыру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты кеңінен насихаттауды көздейді. Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мерекеге арналған іс-шара жоспарына сай 18 наурызда Қошқар Ата өзені бойында мерекелік бағдарламалар, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар және асыл тұқымды қойлар көрмесі өткізіледі.
"Бұл күні асыл тұқымды қошқарлар мен қойлардың көрмесіне облысымыздың барлық аудан, қалаларынан өтініш білдірген қой шаруашылықтары мен қарапайым шаруалар қатыса алады. Қошқарды иығына көтеріп, алдыңғы және артқы аяқтарын біріктіріп ұстап, бір орнында, 1 минут ішінде отырып-тұруы тиіс, үзіліс жасап дем алуға болмайды. Қошқарды ең көп көтерген азаматқа жеңіс беріліп, қошқар сол азаматтың еншісіне беріледі" делінген хабарламада. Айтпақшы, мерекелік бағдарламаға қазақша күрес, тоғыз құмалақ, асық ату, қол күрес, шекем-тас сайыстарын өткізу де енген. Қатысушыларға арнайы тағайындалған спорт саласының шеберлері төрешілік жасайтын болады.
- қой
- шымкент
- баран
- ЮКО
- ОҚО
- қызық ақпарат