6 жасар баланы ұрлаған әйелдің фотороботы желі қолданушыларының күлкісін келтірді
Оңтүстік Қазақстан облысында із-түссіз жоғалған 6 жасар бүлдіршінді іздеушілер республика бойынша белсенді әрекет етіп жатыр. Құқық қорғау қызметкерлері де барын салуда. ОҚО ІІД қызметкерлері мектеп оқушысын ұрлады деген күдікпен куәгерлердің айтуы бойынша егде жастағы әйел азаматының фотороботын жасаған болатын. Алайда, шенді қызметкерлердің бұл еңбегі әлеуметтік желі қолданушыларының күлкісін келтірді. Шымкенттік блогер Айгүл Орынбек бұл жайтқа қатысты былайша жазба қалдырды.
«Дамыған ғасыр, мектептің сыртына, аудан, қала орталықтарына камера орнатып қойса болады ғой. Полиция қызметкерлері үнемі қылмысты кеш ашып жатады, өйткені олардың қолында кеңес үкіметінен қалған бұйымдар. Қазір дамыған заман, компьютер бойынша фоторобот салуға болады ғой. Мына сурет əйел емес, еркектің суреті сияқты. Миллиондап бөлініп жатқан ақшалар дені дұрыс аппарат алуға мүмкіндік бермейді» деп жазған блогер. Сондай-ақ, ол бізде қылмыстық істердің артында біраз шенеуніктердің тұрғанын да ашық жеткізген. Одан өзге желіні қолданушы қазақстандық ата-аналарға өз кеңесін де беруді ұмыт қалдырмаған.
«Балаларыңызға абай болыңыздар, қазір ақша үшін органға сататындар көбейіп кеткен. Бүкіл мектеп сыртына камера орнатылу керек. Халқының санынан полиция қызметкерлері көп. Олардан бізге не пайда? Дені дұрыс фоторобот сала алмаса. Позор ішкі істер қызметкерлеріне!» делінген жазбада. Бұл постты өзге де желі қолданушылары қолдай кеткен. Кейбірі фотороботты «Иә, мынадан кім таниды? Шыңғыс Ханның заманында өмір сүрген әйелге ұқсайды» деп пікір білдірсе, келесісі «Тарихи сурет пе деп қалдым. Бала жоғалды деген соң барып ұқтым. Балақай аман-есен қайтса екен» деп жазған.
Ақпарат ретінде айта кетейік, өткен сенбіде сағат 14:30 шамасында Ордабасы аудандық ішкі істер басқармасына 31 жастағы жергілікті тұрғын баласының жоғалғаны туралы арызданған. Тұрғын өз арызында сол ауылдағы Ғ. Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің 1 сыныбында оқитын, 2009 жылы туылған ұлы Қамшыбек Мұхаммед Қазыбекұлы сағат 12:30 шамасында сабақтан шығып, үйіне келмегенін көрсеткен. Бұл шағымнан соң құқық қорғау қызметкерлері жедел іздестіру шараларына кіріскенімен, әлі күнге дейін нәтиже жоқ.
- бала ұрлау
- ОҚО
- ЮКО
- қызық ақпарат