ОҚО-да аудан әкімі мектеп асханасынан тамақтанып, қоластындағыларын ұялдырып қойды
Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов орталықта орналасқан лицей-интернатқа барып, оқушылардың тіршілігімен танысып қайтты. Соның ішінде білім алушылардың бес мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне аса мән берді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мектепте берілетін тағамның сапалылығымен танысу мақсатында әкім оқушылармен бірге асханадан дәм татты. Ескертусіз кіріп келген аудан басшысы осылайша біраз жайттың мән-жайына куә болды. Себебі жауапты қызметкерлер аудан басшысының бірнеше сұрақтарына толыққанды жауап бере алмады. Атап айтқанда, әр балаға беріліп отырған тағам мөлшері қандай нормативтік құжаттармен рәсімделетіндігіне, ассортиментте көктемгі мезгілде жас баланың организміне қажетті тағамдардың (жеміс-жидектермен, салат т.б.) неліктен жоқтығына қатысты жауап табылмады. Ол аз дегендей мектеп асханасында күнделікті ас мәзірі туралы ақпарат қабырғаға ілінуі былай тұрсын, тіпті бекітілмеген де болып шықты.
Аралау қорытындысымен Ерлан Айтаханов білім бөлімі мен барлық мектеп басшыларына мектептерде берілетін тағамдардың сапалылығына ерекше назар аударып, қажеттілігіне қарай ата-аналар комитеті мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан тиісті бақылау жүргізілуін ұйымдастыруды тапсырды.
- ОҚО
- ЮКО
- ЕРЛАН АЙТАХАНОВ
- Отырар ауданының әкімі
- коррепсондент
- қызық ақпарат