ОҚО-да есек ұрлап, оны сойып сатумен айналысқан топ қолға түсті
Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері есек ұрлап, оны сойып пайда тапқан топты қолға түсірді, деп хабарлайды облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Бәйдібек аудандық және Түркістан қалалық ІІБ-ның қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс аумағында мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топты құрықтады. Қылмыстық топ 1967, 1993 және 1992 жылдары туылған Қызылорда облысының 5 тұрғынынан құралған.
Тергеу барысында топтың жалпы келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құраған. Қазіргі таңда күдіктілердің 10 мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Барымташылар өз қылмысын бір сызбамен іске асырып келген. Олар түнгі уақытта жергілікті тұрғындардың ауласына кіріп, қолды болған есектерді өздерінің автокөліктеріне тиеп, оқиға орнынан бой тасалаған. Кейін есектерді егістік алқаптарына апарып, сойып, терісін алып Шымкент қаласындағы түрлі сауда нүктелеріне өткізіп келген.
Соңғы рет 26 наурызда түнгі уақытта күдіктілер Түркістан қаласының үш бірдей тұрғынының үйінен 5 есекті ұрлап, жалпы 150 мың теңге шығын келтірген.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен «Ұрлық» қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі таңда полицейлер күдіктілердің Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
- ОҚО
- ДВД
- ОҚО полицейлері
- барымташылар
- мал ұрлығы
- есек етін сатқандар
- Корреспондент
- қызық ақпарат