АҚШ компаниясы Головкинге табанында Қазақстан ту бейнеленген аяқ киім сыйлады (видео)
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF версияларының орташа салмақтағы чемпионы Геннадий Головкин Jordan Brand атрибутикасын шығарушылармен келісім-шартқа отырды. Бұл жағдайға қатысты спортшы мен компания өкілдері қуаныштарын жеткізіп, желілерде жазуда, деп хабарлады «Қамшы» порталы.
Jordan Brand – атақты Nike сауда белгісі мен баскетболшы Майкл Джорданның біріккен жобасы. Геннадий Головкин бұл брендпен келісімге отырған Андре Уорд пен кіші Рой Джонстан кейінгі үшінші боксшы. Осы уақытқа дейін бұл марканың өкілі болу бақыты барлығы 50 спортшыға ғана бұйырған көрінеді.
Компания президенті Ларри Миллер осы оқиғаға қатысты: «Біз Геннадийді өз отбасымызға қабылдағанымызға қуаныштымыз», - десе, боксшының өзі Твиттердегі парақшасына: «Jordan Brand-тің бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын», - деп жазды.
Отандық боксшының әлемдік бренд иелерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатып, өзін мойындатқаны қуанышты, әрине. Алайда, Jordan Brand иелерінің бір қылығы қынжылтып отыр.
Компания боксшымен жасалған келісімнің нышаны ретінде Г. Головкинге табанының ішкі жағына Қазақстан туындағы күн мен бүркіт бейнеленген аяқ киім сыйға тартты. Сыйлық беру сәті ғаламтор арқылы тарап кетті. Қазақстандық интернет қолданушылары аталған видео астына танымал боксшыға көк тудағы күн мен қыран бейнесі бар спорттық аяқ киімді кимеуге, себебі ол мемлекеттік рәмізді қорлау екенін айтып, кеңес берген.
Медиа
- Геннадий Головкин
- кәсіпқой боксшы
- қазақстандық боксшы
- Гена Головкин
- спорт
- Корреспондент
- қызық ақпарат