ОҚО әкімі Сапарбаевты Сайрамға жіберді
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың өкімімен Сайрам ауданының әкімі лауазымына Самат Сапарбаев тағайындалды.
Самат Айдарханұлы 1962 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы – инженер-механик.
Еңбек жолын 1985 жылы Жамбыл кірпіш зауытының слесарі ретінде бастаған. 1988-1991 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, хатшысы лауазымдарын атқарған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық әкімшілігі жастар ісі бөлімінің меңгерушісі лауазымында бастаған. 1997-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, аумақты дамыту және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Сайрам ауданы Қарасу ауыл округінің әкімі, Сайрам ауданы әкімі аппаратының басшысы, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Сапарбаев 2013 жылдың маусым айынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының әкімі болған. Оның бұрынғы орнына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған Алмасбек Мамытбеков барды.