Танымал журналист Дариға Назарбаеваның сөзі ақылға сыймайтынын айтты
Қазақстандық танымал журналист Марат Тоқашбаев Үкімет басшысының орынбасары Д.Назарбаеваның мектептердегі ағылшын тілін оқыту жүйесіне қатысты айтқан сөзі ақылға сыймайды деп өзінің «фэйсбуктағы» парақшасында жазды.
«Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның 2018-2019 оқу жылында 9-10 сыныпқа дейін оқыған мектеп түлектері ағылшынтілді болады деген сөзі қоғамда теріс пікір туғызып отыр. Үш жылдың ішінде мұндай өзгеріс болуы ақылға сыймайды. 25 жылда мемлекеттік тілді үйретіп бәріне сіңіре алмай отырғанда ағылшын тілі аспанда ғой» деп жазды журналист. Сондай-ақ, ол тілді үйрену үшін алдымен материалдық базаның қажеттігін де ашып айтқан. Ал оны жүзеге асыру үшін қыруар қаражат керек. Журналистің пікірінше, экономиканың бүгінгідей қайыршылық халінде оны жүзеге асыру мүмкін емес. Ол аз дегендей, ағылшын тілін жетік білетін математик, физик мұғалімдерді табу да қиын екенін айтқан. Оның ойынша, ағылшын тілінен бұрын алдымен әлемдік тәжірибеге сәйкес баланың ана тілін, мемлекеттік тілді жетік меңгеруі қажет. «Ойланбай сөйленген сөз орға жығады» деген автор «Табиғатынан сантехник, слесарь, ұста, құрылысшы, малшы, қарапайым жұмысшы болатын жастарға ағылшын тілінің не қажеті бар? Бұл талап көптеген балалардың математика, физика пәндерін ағылшын тілінде оқи алмауының салдарынан 7-8 сыныптан мектепті тастап кетуін үдетеді. Надан буын – мәңгүрт халықтың негізі»,-деп ойын түйіндеген.
Өз кезегінде бұл жазба желі қолданушыларының басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Тіпті олардың ойларынша мұндай идея мемлекеттік тілді жойып жіберу үшін ойлап табылған. Бірі "үш айдың ішінде мемлекеттік тіл құрдымға кетеді» десе, келесісі «Ағылшын тілін үйрету саясаты қолға алынса, 3 ай деген түк емес, саясаттан болып өз АНА тіліміз құрдымға кетіп отырған жоқ па?» деп алаңдаушылық ойын жеткізген.
- Дариға Назарбаева
- Марат Тоқашбаев
- көптілділік
- мектеп
- Корреспондент
- қызық ақпарат