Ғабидолла Әбдірахымов: "Күш-қуатымды велоспорттың дамуына қосамын деп сөз беремін"
Шымкенттіктер енді кез келген уақытта велосипедке отырып, діттеген жерлеріне жете алады. Өйткені шаһарда екі дөңгелекті жүргізу құралдары жалға берілетін ««Shymkent Bike» автоматтандырылған стансалар жұмысын бастамақ. Осы мақсатпен облыс орталығында баспасөз мәслихаты өтіп, Қазақстанның «Велосипед спорты» федерациясының вице-президенті Аманбек Құлшықов жоба жайында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Аманбек Қайратұлы жоба туралы сөз қозғамас бұрын алдымен Қазақстанның «Велосипед спорты» федерациясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы ашылғанын хабарлап, оны Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов басқаратынын айтты. Мұны естіген шаһар басшысы федерацияға алғысын айтып үлгерді.
- Бұл үлкен мәртөбе. Қосымша жұмыс, үлкен жауапкершілік. Күнделікті барлық күш-қуатымды осы спорттың дамуына қосамын деп сіздерге сөз беремін,-деді әкім. Айта кетейік, қала басшысы өткен жылы муай-тай спорты бойынша федерацияның облыстық филиалына да президент болып тағайындалған болатын.
«Shymkent Bike» автоматтандырылған стансалар жобасы аясында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Шымкентке 200 велосипед әкелінеді. Олар 40 стансаға қойылады. Осы секілді жоба Астанада қолданысқа еніп, жұртшылық ортасында сұранысқа ие болып үлгерді. Бүгінде бас қалада 150 станса жұмыс жасауда. Онда мың велосипед бар. Қолданушылар саны екі мыңнан асады.
Шымкенттің әкімі бұл жоба тұрғындар үшін қолайлы екенін айтты. Себебі бізде жылдың басым көпшілігінде ауа райы велоқұрылғы тебуге қолайлы. Өз сөзінде шаһар басшысы тұрғындарды көліктерін тастап, велосипедке отыруға шақырды. Бұл бастаманы бірінші болып өзі қолға алатынын да жасырмады. Яғни, күн райы жылына түскенде әкім жұмысқа велосипедпен қатынамақ. Айтпақшы, бұл жоба ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында жүзеге асады. Оған дейін жолдар реттеледі. Жалға берілетін велоқұрылғы құны халық қалтасына тиімді. Егер тек жарты сағатқа алатын болсаңыз, ешқандай ақша төлеудің қажеті жоқ. Төлемдер бірыңғай карточка арқылы жасалынады. Тапсырысты СМС хабарлама арқылы да беруге болады.
- Шымкент әкімі
- аким города Шымкент
- Ғабидолла Әбдірахымов
- Габидолла Абдрахимов
- велоспорт
- Корресопондент
- қызық ақпарат