Әйелдерді мерекемен құттықтаған ОҚО әкімі 7 құрсақ көтерген анаға медаль тақты
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай өңірдегі белсенді қыз-келіншектермен кездесті. Кездесу барысында сөз алған аймақ басшысы облыстағы нәзік жандылардың санына тоқталып өтті. Айтуынша, өңірде 2,8 млн халық болса, оның тең жартысы қыз-келіншектер.
Оңтүстікқазақстандық әйелдер түрлі салаларда, соның ішінде мемлекеттік қызметте белсенді еңбек етіп келеді. Мәселен, аймақтағы мемлекеттік қызметкерлердің 36,6 пайызы әйел азаматтары. Ал білім беру ісіндегілердің 73,2 пайызы, медицина саласындағылардың 86 пайызы қыз-келіншектер. Сонымен қатар өңірдегі әйелдер қауымы ел демографиясының артуына да сүбелі үлес қосып отыр. Елімізде дүниеге келетін әрбір бесінші бала оңтүстікқазақстандық. Өткен жылы 80 мыңнан сәби жарық дүние есігін ашқан. Айтпақшы, өңірде көпбалалы ана ретінде 150 мыңнан астам әйел тіркелген. Оның 42 мыңға жуығы «Күміс алқа», 30 753-і «Алтын алқа» иегері. Солардың бірі – Арыс қаласының тұрғыны Гүлжан Болатбекова. Кездесуге шақырылған көпбалалы анаға «Алтын алқаны» облыс әкімінің өзі тақты.
7 құрсақ көтерген ана 5 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп отыр. Перзенттерінің үлкені 15-те, кенжесі 1,5 жаста.
- Ерекше қуанып отырмын. Мен секілді аналарға қолдау көрсетіп отырған Елбасыға алғысымды айтамын. Бүгінгі мерекемен барлық нәзік жандыларды құттықтаймын. Бастысы еліміз тыныш болсын,-деді 35 жастағы көпбалалы ана.
Кездесуде батыр анадан бөлек өзге де қыз-келіншектер құрметке бөленді. Бас-аяғы 32 нәзік жанды облыс әкімінің арнайы құттықтаауына ие болып, оған аймақ басшысы гүл шоқары мен сыйлық табыс етті.
- Аким ЮКО
- ОҚО әкімі
- Бейбіт Атамқұлов
- Бейбут Атамкулов
- 8 наурыз
- 8 марта
- Корреспондент
- қызық ақпарат