Шымкенттік оқушылар ерекше форма киеді
Шымкент тағы бір жаңалық ашты. Енді жаңа оқу жылынан бастап оқушылар «Шымкент мектебі» деген жазуы бар форма киеді, деп хабарлайды ТВК арнасы.
Осы уақытқа дейін бір қайнауы жетпей келген біркелкі киім үлгісін жергілікті білім бөлімі министрдің бекіткен талабынан кейін дайындап үлгеріпті. Тіпті екі тігін фабрикасы маталарының сапасын көрсетуге кірісіп те кеткен. Жергілікті тігіншілер Шымкенттің 150 мыңнан астам оқушысын сапалы және ережеге сай қойылған киіммен қамтамасыз етпек.
Білім саласындағы мамандар тағы бір жаңалықтың шетін шығарды. Осы уақытқа дейін әр мектеп формаға қатысты әр түрлі тәсілді ұстанып келген болатын. Ата аналар ақша жинап кейбірі тіпті алаяқ тігіншілерге де алданғанғандары болған. Осы сынды келеңсіздіктерден ауызы әбден күйген ұстаздар мектеп киімін келісім-шартқа отырған тігін фабрикасынан ата-аналардың өздері сатып алсын деген талап қойыпты.
Еліміздің бас ұстазы қойған жаңа талапқа сай, мектеп формасында қандай да бір конфессияға қатысты киім белгісі болмауы тиіс екені айтылған. Дегенмен Шымкенттік ұстаздар заңда нақты орамал жайлы еш нәрсе айтылмағандықтан орамал тағатын оқушыларға тыйым сала алмаймыз деп отыр.
Бәрін айт ат бірін айт, әр оқу жылы ұстаздар мен ата аналардың ғана емес, оқушылардың да бас ауруына айналған біріңғай мектеп формасына қатысты талапқа бір жола нүкте қойылғандай. Енді шәкірттер формаға емес, алаңсыз сабақтарына ғана бас қатыратын болады.