Шымкентте Б.Момышұлының қанатты сөзін бұрмалағандар Елбасының суреті бар плакатпен ағашты жауып қойған
Шымкенттегі спорт кешендердің бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бейнеленген плакат ағаштың үстін жауып қою үшін қолданылып отыр. Яғни, көлемі үлкенірек плакат спорт кешеніндегі футбол қақпасы жанында үйіліп жатқан ағаштың үстіне жабылған. Мұны көрген шымкенттік тұрғын спорт ұжымының бұл әрекетіне ашуланып, әлеуметтік желілердің бірінде ондағы көріністің бірнеше фотоларын жариялаған.
«...Футбол қақпасының жанына ағаштар үйіп, үстін Нұрекеңмен аттас Нұрекең тұрған мына плакатпен жауыпты. Аттастар екеніне күмәнім бар. Сіздердің ше?» деп жазған желіні қолданушы. Алайда, шымкенттік азаматтың жария еткен фотосынан плакатта Мемлекет басшысының суреті бейнеленгенін анық байқауға болады.
Ол аз дегендей, спорт кешені ғимаратының маңдайшасында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел - құл болмайды» деген қанатты сөзі бұрмаланып, «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ер болмайды» деп жазылған.
Белгілі болғандай, "Буревестник" деп аталатын ол спорт кешені М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне тиесілі екен. Бұл мәселемен аталған оқу ордасының баспасөз қызметіне хабарласып көріп едік, байланысу мүмкін болмады.
Шымкенттік азаматтың көтерген бұл мәселесіне қатысты желі қолданушыарының ойы екіге бөлінді. Тіпті бірі «Болашақ орнын тауып жатыр екен, онда тұрған не ба? Ким Чен Ын елінде өмір кешіп жүргеміз жоқ қой. Халыққа ешкім күштеп сыйлата алмайды өзін» деп кесіп жазса, келесі бірі «...Қарапайым ғана сурет. Онсызда аптасына жүз мыңдаған Егемен Қазақстан «дәретханаға» кетіп жатыр. Фотодан драма жасаудың қажеті шамалы» деп пікір қалдырған.
Желі қолданушыларының кейбірі пост авторына орын алған жағдайды жауаптыларға жеткізіп, қайта орнына келтіріп қойсаң, сауап алар едің деп кеңесін де берген. Алайда шымкенттік тұрғын «Кімге ескертесің, кім тыңдайды? Биыл ілінген сөз емес те шығар ол, фото мейлі. Мейлі ештеңеңсі жоқ. Мен жаза қолдансын деп отырғаным жоқ, сөзі өтімді біреу ескертер, яки, сонда жұмыс істейтін біреу көрер деген ой» деп фотоны жариялаудағы мақсатын жасырып қалмаған.
(Фотолар: Д.Ақсақаловтың "фэйсбуктағы" парақшасынан алынды)
- шымкент
- ОҚО
- ЮКО
- ЮКГУ
- ОҚМУ
- спорт комплекс
- Корреспондент
- қызық ақпарат