Әбілда ақынның екінші өмірі басталғандай...
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Жуырда Ордабасыда кіндік қаны тамып, Ынталы ауданында бейнетті балалық шағы өткен, Қажымұқан кеңшарында қара жұмыстың қазанында қайнап піскен ақын Әбілдә Аймақты еске алу кеші өтті. «Білесің бе, өлеңнің жүрегінде, Қазақ дейтін ғажайып ел жатқанын...» атты шараны Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы мен А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған. Кеш аясында өткізілген мүшәйраға жиырмадан астам ақындар қатысып, бақ сынады.
«Әбілдә ағамыз Оңтүстіктегі лирик ақындардың көшін бастап тұрғандардың бірі еді. Бұл енді өмірдің жолы ғой. Қасында жүріп, өз басым, осы Әбілдә Аймақ атындағы мүшәйраға келіп әділқазы боламын деп ойлаған жоқпын» деген ақын Бақытжан Алдияр мүшәйраның ешқандай ақынның деңгейін анықтап бере алмайтынын айтып, жас ақындарға жүлделерін табыстады. Үшінші орынды Маликова Ақерке мен Төребек Мақпал алса, екінші орын Сүндет Сейітов пен Гүлшырын Жұмабайға, бірінші орын Дәурен Айманбетовке бұйырды. Ал көптен күткен бас жүлдені Ақбота Бейбітбек иемденді.
«Мүмкін емес қалуым ерскерусіз, Өскеннен соң өлеңнің сүтіменен» деген ақынның өмірден өткен күні осылай ескерусіз қалған жоқ. Ал іс-шараға ақынның кіндік қаны тамған Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Әлдібек Шынасылұлы қатысып, онымен қатар «Домалақ ана» қоғамдық қорының директоры Алтынбек Төлепбек, «Нұрлы Қазақстан» журналының бас директоры Қанат Сапарбаев сынды бірқатар азаматтар қаржылай демеушілік көрсеткен. Кеш соңында мүшәйра демеушілері мен мүшәйраға қатысушылардың барлығы алғыс хатпен марапатталды.
Кеш барысында сәуірде туып, маусымда үзілген ақынның қызы слайд арқылы жүрекжарды сөздерін жұртшылыққа жеткізіп талайдың көзіне жас алдырса, Нышан Төлегенов ақынның сөзіне жазылған «Аллаға мадақ» әнін орындасады. Көркемсөз шеберлері Әли мен Мадина ақынның өлеңдерінен композиция қойды. Шараға келген қонақтар мен ақынның ізін басып келе жатқан бірқатар жас ақындар естеліктерімен бөлісті.
Соңынан ерген жас ақындардың үкілеген үмітін ақтайтынына шүбәсіз сенетін ақын-ұстазды әдебиетсүйер қауым сағына еске алды. Алпысын тойлап ақтық сапарға аттанған тау тұлғамыздың пәни дүниемен қоштасып, мәңгілік өмірге аттанғанына екі жыл өтсе де, ақынның мәңгілік өмірі енді ғана басталғандай...
- Әбілдә Аймақ
- еске алу