Ақтөбедегі атыста қаза тапқан ОҚО сарбазы туған жерінде жерленді
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиға барысында қаза болған оңтүстікқазақстандық жауынгер Досбол Сапарды ақтық сапарға шығарып салды. Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан сарбаздың денесі туған жері ОҚО, Шардара ауданы, Көксу ауылында жерленді.
Ұлттық ұлан сарбазын соңғы сапарға облыс әкімімен бірге, ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов, ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Шымкент әскери комиссариатының әскери қызметкерлері шығарып салды. Сарбаздың жаназасы шығарылмас бұрын алдымен қаралы митинг өтті. Онда сөз алған аймақ басшысы бұл қайғылы жағдай барша Қазақстан үшін ауыр тигенін атап өтті.
«Жастығына қарамай, жауынгер әскери борышын өтеу кезінде қайсарлығы мен отансүйгіштік қасиетін таныта білді. Досболдың өлімі - отбасына ғана түскен ауыр қаза емес. Бұл бүкіл Оңтүстүстік жұртына және күллі Қазақстан халқының жүрегіне түсіп отырған үлкен қайғы. Ол өзінің артына өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады»,-деді облыс әкімі.
Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Сапар Досбол 1997 жылы Шардара ауданы, Көксу ауылында туылған. Үйдің үлкені. Соңынан бір қарындасы мен інісі қалды. Анасы Жұлдыз - мұғалім, әкесі - мал дәрігері.
Жауынгердің отбасына облыс әкімдігінің атынан 5 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар, әкімдік ауылдың бір көшесіне сарбаздың есімін беру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысты ҚР Мәдениет министрлігіне жолдамақ.
Айта кетейік, Қарулы күш Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланға жасаған шабуыл кезінде 3 әскери қызметкерді мерт қылған болатын. Қайтыс болған сарбаздардың бірі Сапар Досбол - біздің жерлесіміз еді.
- Ақтөбе
- лаңкестік оқиға
- теракті
- Ақтөбе терроримз
- Досбол Сапар
- ОҚО
- Бейбіт Атамқұлов
- Корреспондент
- қызық ақпарат