Назарбаев: "Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет"
Ақтөбеде өткен жексенбіде орын алған лаңкестік оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға арнап мәлімдеме жасады.
"Қымбатты отандастар! Өткен жексенбіде Ақтөбе қаласында діннің атын жамылған бір топ террорист елдің тыныштығын бұзды. Ол туралы баршаңыз білесіздер. Бірақ, мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталар сәтте қанды қылмыс жасағандардың арам ниеттері іске асқан жоқ. Құқық қорғау және қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері үлкен қатердің бетін қайтарды. Террористердің көпшілігінің көздері жойылды, бірқатары қолға түсті, қалғандарын тиісті органдар іздеп тауып, олар заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатын болады. Қазір халықтың алаңдауына ешбір негіз жоқ, жағдай толық бақылауға алынды",- деді Елбасы.
"Тәуелсіздікті жариялау бар, ал оны қорғап, нығайту және дамыту одан да жауапты іс. Ел бірлігі, ішкі тыныштық сол үшін керек. Мен мұны ылғи айтып келемін. Ел ішіне бүлік салудың, «түсті революциялардың» талайын басқа елдерден көріп, біліп отырмыз. Ол лаңкестік әрекеттерден, көшеге шығып шулаудан басталады. Одан конституцияға қарсы шығады да, аяғында мемлекет күйреп, халық аш-жалаңаш қалады. Мұның бәрін біз көріп, біліп, байқап отырмыз.
Біріншіден, біз кез-келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек. Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден, елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет. Ел тыныштығын сақтамасақ мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз. Сондықтан барша халық болып бірігіп, елді сақтауды ойлауымыз керек" деп ойын түйіндеді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президент өз мәлімдемесінде Ақтөбедегі терактіде қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына көңіл айтатынын жеткізді. Сонымен қатар 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын атап өтті.
- Мемлекет басшысы
- президент
- Елбасы
- Нурсултан Назарбаев
- Нұрсұлтан Назарбаев
- Ақтөбедегі атыс
- лаңкестік әрекет
- теракт
- Корреспондент
- қызық ақпарат