Тестілеудің алғашқы күнінде-ақ түлектер жылап қалды
Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды! Еліміздің барлық өңірлерінде түлектердің алғашқы легі мектепте алған білімдерін сарапқа салуда. Биыл бұл сынаққа қатысуға 87 мыңға жуық түлек өтініш білдірген. Комиссия тестке қатысушыларды жылдағыдай аудиторияларға қатаң тексеріп кіргізіп жатыр. ҰБТ үшін жасақталған 165 пункте таңнан бері қарбалас. Тест өтетін ғимараттарға түлектермен қоса, ұстаздар мен ата-аналар 2 сағат бұрын келіп алған. Дегенмен, тестілеуге кіріп бара жатқан балалардан толқу аса қатты байқала қоймады. Бәрі де жоғары балл алатындарына сенімді, деп хабарлады КТК арнасы.
Биыл тестке кіруге сынған аяқ та, өзге аурулар да кедергі болмаған сыңайлы. Оқыс оқиға бола қалса, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер сақадай сай тұр. Ал аудиторияға кіру үшін түлектердің әдеттегідей қатаң тексеруден өтулеріне тура келді.
Бір қызығы, комиссия ешқандай ұялы байланыс құралын да, шпоргалка да таппады. Сондықтан әшкереленген заттарға арналған қорап осы жолы бос қалды. Ал аудиториядағы жағдайды сырттағылар арнайы орнатылған экрандар арқылы қарады. Баласына алаңдаған ата-аналар 3 жарым сағат бойы сыртта күтіп жүр. Тіпті, кейбірі пісіріп жұртқа жеті шелпек таратып әлек.
Тест тапсырып шыққандарды сырттағылар әдеттегідей ду қол шапалақпен қарсы алды. Дегенмен, түлектердің бірі күліп шықса, енді бірі жылап шығып жатыр.
Бүгінгі тесттің нәтижелері де шықты. Оны көріп, түлектердің бірі қуаныштан секірсе, бірі жылап жүр. Дегенмен, жоғары балл алғандардың қатары көп секілді. Бүгін бір ғана тест тапсыру орталығының өзінде 125-ті 5 адам жинапты.Биыл сынаққа қатысушылар саны 87 мыңға жуықтайды. Олардың басым бөлігі қазақ тілділер. Ал, енгізілген өзгеріс – түлектер 50 балдан төмен алса да, жоғары оқу орнына түсулеріне мүмкіндіктері бар. Яғни, ақылы түрде сынақты қайта тапсыра алады. Айта кетейік, биыл осыған дейін қалыптасқан форматтағы ҰБТ елімізде соңғы рет өткізілуде.
Бүгіннен бастау алған Ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның 10-ына дейін жалғаспақ. Ал, үлкен міндеттен абыроймен құтылған түлектер алдағы уақытта мемлекеттік грант үшін өзара таласатын болады. Биыл үкімет есебінен тегін оқуға 32 мың абитуриенттің мүмкіндігі бар.
- ЕНТ
- ҰБТ
- түлектер
- мектеп түлектері
- сынақ
- ұлттық бірыңғай сұрақ
- Корреспондент
- қызық ақпарат