Бас мүфти тарауих намазы алдында Ақтөбедегі оқиғаға қатысты пікірін білдірді (видео)
Қазақстан мұсылмандары рухани басқармасының төрағасы әрі "Әзірет Сұлтан" мешітінің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы таңғы тарауық намазының алдында Ақтөбедегі атысқа қатысты пікір білдірді. Ержан қажы бұл туралы ойын мүфтияттың ресми сайты жария етті.
Жайбарақат күнде жай түсіргендей әсер еткен оқиғаға байланысты ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен тарауих намазы алдында өз пікірін білдірді.
"Ислам діні терроризмді айыптайды. Бұл біздің дінімізден емес. Бүгінгі Ақтөбедегі нақақтан кеткендердің жанұяларына Алла тағала сабырлық берсін... Ислам - тек бейбітшіліктің діні. Біз қолымызбен емес, тіпті тілімізбен де бір адамға зиян тигізбейміз. Өйткені пайғамбарымыз өсиет етті. Алла тағала бұйырды. Бір мұсылманды екінші мұсылман әдейі өлтірген болса, ол мәңгі тозақта" деген Бас мүфти нақақтан қаза тапқан жандардың отбасына көңіл айтып, сабырлық тіледі. Осынау қасиетті айда еліміз бен жеріміздің тыныштығынан айырып, дүрбелең туғызуды көздеген жат пиғылдардан сақтауын сұрап дұға етуге шақырды.
Айта кетейік, қасиетті Рамазан айына санаулы ғана сағаттар қалған сәтте, яғни, кеше Ақтөбеде қаруланған топ әскери бөлім мен қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасаған болатын. Салдарынан алты адам қаза тапты.
Медиа
- Бас мүфти
- Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы
- мүфтият
- Ержан қажы
- Ақтөбедегі оқиға
- атыс
- қару
- Корреспондент
- қызық ақпарат