ОҚО-да шегірткеге жем болған диқандар егістерін тастап кетіп жатса да, атқамінерлер жайбарақат отыр
Биыл ел тұрғындары қарбыз жей алмай қалуы мүмкін. Оңтүстікте шырынды жидек егілген алқаптарды шегіртке басып алды. Зиянкестер бас-аяғы он күн ішінде Сарыағаш және Шардара аудандарындағы жүздеген гектар егінді жайпаған. Несие алып қарбыз егіп отырған диқандардың кейбірі күдер үзіп, тіпті егінін тастап кетіп жатыр. Ал атқамінерлер шаруалардың даурығуына негіз жоқ деп жайбарақат отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Шаруалардың ерте көктемнен бергі еңбегі он күннен бері шегіртке жем болды. Зиянкестер пісіп жетілуге шақ тұрған өнімді кеміреді екен.
3 гектар жерге жыл сайын қарбыз егетін Жолат Мырзасейітов қыруар қарызды қалай қайтарарын білмейді. 700 мың теңгені 15 пайызбен қарызға алып егін салған шаруа енді мүлдем тақырға отырдым дейді.
Жолат секілді Сарыағаштың жүздеген диқаны шегірткенің әлегіне түскен. Зиянкестерді жою үшін арнайы техника да жүр. Таң қылаң бере у шашатын көліктермен бірге әбден ескірген ЯК модельді ұшақ та егін алқабына шығады. Бірақ, оның өзі ұшқаннан гөрі тұрғаны көп екен.
-Бұл ұшақ күнделікті таңғы сағат 5-тен бастап шегірткеге қарсы у шашуға шығады. Сөйтіп күн көтеріліп, ауа температурасы 25-қа дейін жылынғанша егістік аралайды. 25 градустан асса, ұшқыштың өзіне де әбден ескірген ұшаққа да өте қауіпті. Жалпы бүгін бұл техника таңғы сағат 9-ға дейін жұмыс жасапты. Сол кездің өзінде ауа температурасы 28 градусқа көтерілген.
Ескі техникаға сеніп отырмай жұрттың өзі де зиянкеспен өздігінше күресіп жүр. Дәріні біреуі сатып алса, енді бірі мамандардан сұрап алып егін басына өздері шашып жүр.
Ал шенеуніктер мүлдем сабырлы. 48 миллион теңге бөлініп, күрес жүріп жатыр деген атқамінерлер даурығуға негіз жоқ дейді. Бірақ олар нақты қанша егін алқабына шегіртке түскенін де айта алмауда.
- Сарыағаш пен Шардара аудандарында ондай мәлімет бар зақым келді деген. Бірақ, ол гектар дейтіндей гектар деп біз айта алмаймыз. Толық көлемі анықталғаннан кейін белгілі болады қанша гектар екені. Себебі, зиян әкелді деген сөз дымы қалмай құрыды дегенді білдірмейді, дейді ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Кеңес Алпысбаев.
Шенеуніктің есебінше енді екі күннен кейін шегіртке кетуі тиіс. Ал шаруаларға өтемақы берілмейді деп отыр. Дегенмен, алдын-ала дәрілеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеді деген жұрт енді жауаптыларды анықтау үшін жаппай прокуратураға шағым түсірмек.
- ОҚО
- ЮКО
- шегіртке қаптап кетті
- Сарыағаш ауданы
- Шардара ауданы
- Корреспондент
- қызық ақпарат