Аңқау елге – арамза риэлтор
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Жексенбi, 20 наурыз 2016

 Кіру / Тіркелу

Аңқау елге – арамза риэлтор

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Әрбір ересек адам өмірінде бір рет болса да, риэлтор қызметіне жүгініп көрген болар. Әлбетте, көпшілігіміз ерік берсе, олардың кәсіби біліктігінің төмендігі, дөрекілігі мен әдепсіздігі жайлы қап-қап әңгіменің тиегін ағытуға даярмыз. Оның себебі – бұл салада күрмеуі шешілмеген проблемалар шаш-етектен. 

Риэлтор кәсібі біздің өмірімізге тәуелсіздікпен бірге келіп енді. Бірақ тек 2000 жылдардан бастап танымал қызмет түріне айналды. Оларды арнайы оқытпайды. Ондай мамандық біздің ЖОО-да жоқ. Әрбір адам риэлтор бола алады. Олар бұл кәсіпті жылжымайтын мүлік агенттігінде, кейде тіпті әркімнен, көше жағалап жүріп-ақ үйренеді. Сондықтан да кәсіби білікті, өз жұмысын жақсы меңгерген риэлторды табу өте қиын. Оның үстіне Қазақстанның көптеген қалаларында «қара риэлторлар» пайда болып, халықты алдап, баспанасын тартып алумен айналысатын кәдімгі қылмыстық топқа айналды. Олар пәтер үшін кісі өлтіруге де барды.

Заңмен тыйым салмаған соң бетімен кетті

Бір кездері риэлтор болып жұмыс істеген М. Салықовтың айтуынша, риэлторлардың ішінде адалы да, алаяғы да бар. 

«Рас, көбісі дөрекі болып келеді. Өйткені, олар енді ғана жұмысқа кірген, кәсібінің қыр-сырын дұрыс білмейді. Оларға бастығы телефон нөмірлері мен клиенттердің ақпараттық базасын береді де, жұмысқа кіріс дейді. «Егер екі-үш күнде нәтиже көрсетпесең, есікті сыртынан жауып кете бер!» деген талап қояды. Содан кейін ол байғұстар қаланы да, пәтердің жағдайын да дұрыс білмеген күйі қалт-құлт етіп, қолынан келгенше жұмысын бастайды. Мәселен, олар тіпті клиентпен қалай сөйлесу керектігін де білмейді. Елдің хабарландыруын аңдып, қоңыраулатып, екі жақтан да табыс тауып қалуға ұмтылады. Бұл жолдан мен де өттім. Бірақ менің сауда-саттық саласында аздаған тәжірибем бар еді. Тауарды өткізу үшін не істеу керектігін білетінмін. Сол үшін жеңіл тиді. Бірақ бұл жұмысқа кез келген адам шыдай бермейді. Агенттікке күн сайын бір адам келсе, он адам кетіп жатады. Әрине, ондай кезде кәсіби білікті адамды қайдан табарсыз» дейді ол. 

М. Салықовтың ойынша, бұл салаға мемлекеттің бақылауы қажет. Өйткені, бізде риэлторлардың жұмысын реттеп отыратын заң да жоқ. 

«Қатаң қадағалау болмаған соң олардың саны күннен күнге көбейіп, қайсысы маман, қайсысы ақша іздеген алаяқ екенін айырудан қалдық. Сондықтан бұл нарықта тек лицензиясы бар, кәсіби компаниялар қалуы тиіс. Әр ауданда немесе қалада қанша риэлтор болуы керек екені заңмен шектелгені жөн. Сонда ғана бәрі реттеледі» дейді экс-риэлтор.

«Риэлтор» деген мамандықты университетте оқытпайды

М. Салықовтың сөзінің жаны бар. Өткен жылғы мәліметке көз жүгіртсек, елімізде риэлторлық қызмет көрсететін 2 мыңнан астам компания болса-дағы, соның тек 15-інде ғана ресми сертификат бар болып шыққан. Ал аттестациядан өткен мамандар саны – небары 200. 

Қазақстан риэлторлары Қауымдастығының мүшесі Лариса Степаненконың айтуынша, сертификат алудың талаптары мынадай: 

– Компания қызметкерінің саны 3-ден кем болмауы керек;

– Олардың 50 пайызы аттестациядан өткен кәнігі маман болуы тиіс;

– Ол мамандардың кәсіби санаты 2, 3 және одан жоғары болса, компания сертификат ала алады. 

Ал аттестатталған маман қандай болады? Ол Жылжымайтын мүлік туралы заңды жақсы біледі, сөзге шешен, этикет ережелерінен хабардар. Ол клиенттің соңынан өзі жүгірмейді. Ол арадағы делдал ғана емес, бүкіл келісімді ұйымдастыратын адам. Құжаттарды рәсімдеп, жетпеген құжаттың орнын толтырып, кемшілігін түзетуі тиіс. Алайда, мұндай маман жоқтың қасы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оларды дайындайтын университет жоқ. Ал егер кәсіби маклермен жұмыс істегіңіз келсе, оған бірнеше сауал қойып көріңіз. Оның қанша жылдан бері осы іспен айналысып келе жатқанын, аттестациядан өткен-өтпегенін, жылжымайтын мүлік жайын жан-жақты қамтып, сұраңыз. Содан кейін бәрі белгілі болады.

Хабарландыру беріп көр, делдалдардан тыным болмайды

Бейберекеттік жайлаған бұл саланы заңмен бақылау мәселесі көтерілгелі бірнеше жыл болды. Ол заңның жобасы сонау 2013 жылы жасалып қойған. Алайда, әлі күнге дейін қабылданбады. Клиент пен маклер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін заң Азаматтық кодекс қана. Тіпті, Ресейдің өзінде мұндай заң бар. Бізде жоқ. Осы күйінше қала берсе, былыққан үстіне былыға береді. Кім риэлтор болғысы келсе, бола салады. Бірақ жауапкершілігін көтеретін біреуі жоқ. Сенбесеңіз, хабарландыру беріп көріңізші. Сөзіміздің дұрыстығына әп-сәтте көз жеткізесіз. Сізге ары кетсе бір адам нақты ұсыныспен хабарласады. Қалғандарының бәрі – делдалдар. Кейде ортадағы риэлтор хабарландыруыңызды көре сала, өз нөмірін беріп, қайта жариялайды. Бәрі соған хабарласады. Сосын амал жоқ сол риэлтордың көмегімен үйіңізді жалға беруге немесе сатуға тура келеді. Өйткені, олар барлық жерді жайлап алған. Газет, интернет, хабарландыру тақталары, подъездер, тіпті автобустар да осылардың меншікті аумағына айналған. 

Жақында бір кісі өз басынан өткен бір жағдайды әлеуметтік желіде жариялады. «Үйді жалға беретін болып, хабарландыру бердім. Сол кезде риэлторлармен жақын танысып алдым. Сосын олар мені де риэлтор деп ойлап WhatsApp-тағы топтарына қосып қойды. Олар барлық мәселені сонда талқылайтын. Бір күні бір әйел делдалдың біреуімен ұрсып, «пәтерімді өзім жалға берем, аулақ жүр» деген сыңайда әңгіме айтады. Оған ренжіген риэлтор топтағы барлық әріптестеріне «Сол әйелдің сазайын берейік» деп үндеу тастады. Күн сайын бір-екеуі сол әйелге хабарласып «Бізге сіздің пәтер ұнап қалды, бүгін барамыз, күні бойы үйде отырыңыз» деп қоңырау шалып тұрады. Бейшара әйел күн сайын соларды күтемін деп жұмысынан қалады, бірақ ешкім келмейді. Олардың «аяусыз кек алу» операциясынан кейін ол топтан шығып кеттім» деп жазылған әлгі постта. 

Ең қызығы – олардың алатын ақысы да қомақты. Мәселен, 150 мың доллардың пәтерін сатуға көмектессе, сатушыдан да, алушыдан да 1 пайыз өз үлесін алады. Сонда бір күннің ішінде ол 3 000 долларға ие болады! Ал пәтерді жалға беретін кезде олардың алатын үлесі одан әрі көбейеді. Оған да бір мысал. Біреу 120 мыңға пәтер жалдап жатыр. Бұл күні риэлтордың қалтасына жасалған келісімнің 8-9 пайызы түсті. Екі жақ оған 10 мың теңгеден берді. Міне, сол үшін де жұмыссыз жүрген көп жастар осы салаға құмартады. Бірақ мұндай жұмыс барлық адамның қолынан келе бермесі тағы анық.

«Риэлтордың бізге керегі жоқ»

Кейбіреулер «делдалдардың мүлде керегі жоқ» деген пікірде. Астана қаласының тұрғыны Жұлдыз Әлімбаеваның сөзіне құлақ түрсек, олардың қызметінсіз де лайықты баспана табуға болады. 

«Қазір әр адамда интернет бар. Арнайы сайттар жеткілікті. Қожайын соған хабарландыру берсін, үй іздеушілер сол жерден тауып, хабарласуға мүмкіндігі бар. Түсінбеймін, айдаладағы делдалға ақша беріп керегі не? Мәшине сатып алсаңыз да, колесо.кз сайтына кіріп, өзіңіз тауып аласыз ғой осы. Тіпті, сол риэлторлардың кесірінен пәтер бағасы негізсіз көтеріліп отыр емес пе?! Адамның қалтасына және құрылыс материалдарының сапасына қарамай, тым шарықтатып жібереді. Қазақстан емес, шетелде жүргендейсің. Соның бәрі делдалдардың қолымен жасалып отыр, меніңше. Оның үстіне үйіңнің құжаттарын делдалға тапсыра салу бір жағы қауіпті», – дейді Жұлдыз. 

Оның сөзін заңгер Р. Ескендірова да қуаттайды. Оның ойынша, Қазақстанның тұрғын үй нарығы Еуропа немесе АҚШ-тағыдай үлкен емес. «Мәселен, жалға пәтер іздейтін кім? Қалтасы тесік студенттер, үйсіз-күйсіз отбасылар. Онсыз да қиын жағдайдағы адамдардың қалтасын қағып, риэлтор 15 минутта тәп-тәуір ақша табады! Біреулер 5 жыл ЖОО-да оқып, 50 мың теңге жалақымен күн көріп жүрсе, бұлар оқымай, еңбек етпей, жай ғана көсемсіп, пысықтық танытқаны үшін көп табыс табады. Экономикалық қатынастар дегеніміз осы ма?» – деп күйінеді Р.Ескендірова.

P.S. Бұл салаға қатысты мамандардың да, заңгерлердің де пікірі біреу. Риэлтордың жұмысын заңмен реттеу керек! Мәселені басқалай жолмен шешу мүмкін емес. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Жындыханаға жатқызылған Маржан Тұрлыбаеваның дені сау болып шықты

Өмірінің соңына дейін Түркістандағы жындыханаға жабылған бойжеткен Маржан Тұрлыбаеваның ақыл-есі кем емес болып шықты. Яғни, 19 жастағы бойжеткеннің қоғамға ешқандай қаупі жоқ. Соңғы тағайындалған сар...

Korrespondent.kz Қоғам

Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы: «Олимпиадаға сен баруың керек десе, мен дайынмын»

Қазақстандық кәсіпқой бокс-шы Қанат Ислам Риода өтетін Олимпиадаға қатысу, қатыспау туралы пікірін «Ойшоғыр» ақпараттық порталына берген сұхбатында айтты. Бүгінде АҚШ-та жаттығу жасап жүрген боксшымен...

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ Спорт

«Мәслихатқа есі түзу адам бара ма?»

Әлеуметтік желілердің бірінде қазақстандық танымал саясаттанушы Айдос Сарым сайлауды ұйымдастырушылардың әрекетіне таң қалған. Оған саяси науқанға қатысу туралы алған шақыртуы себеп болыпты.  ...

Жансая АКБАЛИНА Оқиғалар

Риода Қазақстан неше медаль алуы мүмкін?

Биыл тамыздың 5-і күні сонау Латын Америкасындағы алып ел – Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. 21 тамызға дейін жалғасатын додада 110-нан астам қазақ...

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ Спорт

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter