Күлкіге айналған «бауырсақ» атауын өзгерту ұсынылды
Белгілі қаламгер Марат Тоқашбаев Ақтөбеге сапары кезінде келеңсіз жайтқа куә болғаны туралы ойын виртуалды достарымен бөлісті.
«Ақтөбеге сапарым кезінде орталық көшелерінің бірінен «Баурсак бала» деген кафе атауы бар екендігін көріп қалғаным бар. Қожайыны орыс азаматы көрінеді. «Баурсак» емес «Бауырсақ» деп жазылуы керек еді дейді жергілікті жігіттер» деп жазбасын бастаған журналист. Әрмен қарай «Суретіне қарағанда, ойының жосығына қарағанда бұл орыстың «Колобок» ертегісінің кейіпкері сияқты. Ағып кеткен қамырды жұмарлап, тандырдың қоламтасына қызартып пісіріп шығарғанда оны қазақтар ертеден КӨМБЕШ (Көмбеш нан) деп атайтын. Сол есіме түсті» деген ол. Жазба соңында қаламгер Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы «Баурсак бала» атауын «Көмбеш» немесе «Көмбе нан» деп өзгертсе, құба-құп болатынын жеткізген. Алайда журналистің бұл ұсынысына биліктегілер көпшілікке жария түрде ресми мәлімет берген жоқ. Айта кетейік, кәсіпкерлік субъектілерінің атауына қатысты мәселе жуырда Шымкент қаласында да көтерілген болатын. Яғни, шымкенттік тұрғын қаладағы кейбір тойхана, дүкен атаулары орыс тілі былай тұрсын, енді ағылшын тілінде жазылғанын айтып, әкімнен бір шара қолдануын сұраған. Алайда шаһар басшысы оған заңда ешқандай тосқауыл жоқтығын еске салып, қысқа жауап берген еді.
- Марат Тоқашбаев
- қаламгер