Шымкентте жұмыс уақытында телефонмен сөйлесетін автобус жүргізушілері азаяр емес
Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері әртүрлі құқық бұзушылықтың алдын алу мен оны болдырмау жөнінде «Автобус» рейдін ұйымдастырды. Үш күнге жалғасқан шара қоғамдық көліктегі жүргізушілер арасында тәртіпті сақтап, қалааралық жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға бақылау жасап, сондай-ақ, заңсыз тасымалды болдырмау мақсатында өтті. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Шара нәтижесінде құқыққорғаушылар қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол тәртібін бұзған 480 фактіні анықтады. Оның ішінде 29 жүргізуші жылдамдықты асырып, жауапкершілікке тартылса, 2 азамат қарсы жолаққа шыққаны үшін жазаланды. Ал 29 жүргізуші жолаушылар тізімінің жоқтығы негізінде айыпталса, 116 жағдай көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану фактісі бойынша тіркелді. 12 тәртіп бұзушылық жаяу жүргіншілер жолағында жол бермегені үшін жазаланды.
Тексеру шараларынан бөлек қоршаған ортаны қорғау заңнамаларын бұзған жағдайларды анықтап, жергілікті полиция қызметінің жұмысын жандандыру мақсатында «Қоршаған ортаны қорғау» шұғыл-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Рейд жұмыстары кезінде 12 қылмыстық заңбұзушылық анықталса, оның 1 жағдайы жер қойнауын заңсыз пайдалану аясында орын алып, 2 факті заңсыз балық аулау, 9 жағдай заңсыз ағаш кесу аясында тіркелген. Сонымен қатар, профилактикалық шара кезінде қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзу жағдайлары бойынша 74 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет қазынасына 137 865 теңге айыппұл төлейтін болды.
- шымкент
- ОҚО
- ЮКО
- МПС
- жергілікті полиция қызметі
- Қоғамдық көлік
- автобус
- Корресопондент
- қызық ақпарат