Мәслихатқа май жағып қойғандай...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сенбi, 19 наурыз 2016

 Кіру / Тіркелу

Мәслихатқа май жағып қойғандай...

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Орталық Сайлау Комиссиясы келтірген дерек бойынша биылғы жылдың басты саяси оқиғасы – Мәжіліс пен жергілікті Мәслихаттарға депутат болуға 10825 үміткер тіркеліпті. Соның 7401-і – өзін-өзі ұсынғандар. Бұл осыдан төрт жыл бұрын өткен сайлауда есепке алынғаннан 1660 адамға көп. 

Хәкім Абайша айтсақ, мансапқа әркімнің-ақ бар таласы. Ең бастысы Майлының Бейімбеті суреттегендей, сайлаудан соң «елге ойран сап, ойнау» басталып, ақыры сотталып, сайлаған елдің өз депутатының біткенін не оның депутаттық мерзімінің аяқталуын күткенін көрмесек екен. Жағыма «жылан жұмыртқаласын» ба? Тап осы жолы жаңылыссам, өзім де қуанам. Менікі жәй, әншейін бұған дейін де біраз депутат дауға қалып, қара басының қайғысы халықтың қамынан басым түскен сәттерді көргесін ойға келген сөз. Қашан дейсіз бе? Былтыр «Мәжіліс депутаты Романовская кәсіпкерді боқтап тұрып бопсалады» деп жалпақ жұртқа жария етпеді ме? Артынан Светлана ханымның өзі «таспаға жазылған сөздер менікі емес» деп шықты.

Онымен не халық қалаулысына жала жапқан адам сотталмады, не депутаттың өзі басын құлан-таза ақтап алмады. Жылы жабылып кетті. Лукашенконы «жақсы көргені үшін» Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жамбыл Қалауов «Нұр Отаннан» қуылды. Журналист Балгиннің Бердоңғаровтың бетіне былш түкірген оқиғасы ше? 

Бұл жолы қалай болмақ? Биылғы сайлауға үміткер ретінде тіркелгендердің қатары өткен жылғыдан көп болуы нені білдіреді? Оның 70 % өзін-өзі ұсынғандар болғаны ше? Бұл елдегі демократияның дамығанының көрінісі ме? Сенгің-ақ келеді. Мәжілісті қоя тұрайық. Саяси додаға түскен 6 партия ұсынған тізімге қарай ол жақтағы орынды өзара бөлісе жатар. Жергілікті мәслихаттарға қызыққандар қатарының көбейгені нені білдіреді? Мәслихаттың беделінің Мәжілістен де жоғары болғаны ма әлде саясаткер болғысы келетіндердің көбі алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды жөн санай ма? Жуырда уәкілетті органның мүшесі болуға үміткер бір ағамыздан «неге осы депутат болуға қызығасыздар? Жалақы төлемесе, елдің де алғыс айтып жатқаны шамалы» деп сұрағанымда «өзім тұратын аудандағы шешілмей жатқан мәселелерді шешу үшін» деп жауап қатқаны, жұмсартып айтқанда, қытығымды келтірді. Сонда бұған дейін өткен сайлауда бөтендер өтіп кеткен бе? Айтайық, Оңтүстік Қазақстандағы Арыс қаласына Африкадан, Бағысқа Бангладештен келіп депутат болған жоқ қой. Бәрі де сол жергілікті жердің азаматтары. Онда неге әлі күнге Қазақстанның көптеген қаласында коммуналдық жүйе мен тұрмыстық қоқысты жою мәселесі шешілмей келеді? Неге көптеген ауылда жолды айтпағанда ішерге сапалы ауыз су жоқ? 

Білетін мамандардың бір бөлігі мемқызмет туралы заңға енгізілген өзгерістерден кейін мәслихаттарға сайлануды мемлекеттік қызмет саласындағы серпінді саты санайтындар саны артқан. Жергілікті мәслихаттарға үміткерлердің көп болуының себебін де содан іздейді. Енді бірі үшін бұл елдегі саяси реформалардың жемісі. Соңғы жылдары жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жетілдірілді. Атқарушы билік пен уәкілетті органның құзыреті кеңейді. Қала мен өңірдің даму жоспарын өздері жасап, оған қажетті қаражатты жұмсау құзыреті де еркіне берілді. Мәслихат май шелпек демесек те, билікпен бейресми қарым қатынас жасаудың бір жолы. Әсіресе дағдарыстан елді алып шығатын орта және шағын бизнес екені айқын көріне бастағанда кәсіпкерлер «қазына қаржысын бұратын құлақтың» басында отыруға құмар болып алды. Өз қолы аузына жете бастаған соң әкімдерге де барған жерде бастаған ісін депутаттардың қолдағаны керек. Ал, «ойы мен көзқарасы өзгешелерді» ол орында отырғанын қаламайтынын ашық айтқанымыз жөн. Қолда бар картаны дұрыс ойнатсаң ұтасың. Қолың әлсіз болса басқа есебін тап. Бұл саясат. 

Кәсіби билікке көшу қарсаңында «Мәжіліс пен Мәслихаттарда кәсіби заңгерлер мен саясаткерлер отыруы тиіс» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Қайсысы дұрыс? Мұны шешетін мәртебелі Сайлаушы Сіз боласыз. Ешкімге үміт артпай, сенім білдірмей, сайлауға бармай «елдің жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ» деп байбалам салудың қажеті жоқ. Біз қандаймыз – біздің басшыларымыз да сондай болады. Айтпақшы, мәртебелі дегеннен еске түсіп отыр. Тұрғындар арасындау сауалнама жүргізгенде сұралғандардың 80 % өз округінен сайланғалы жатқан үміткерді танымайтын боп шықты. Бұл біздегі қоғамның саяси белсенділігінің көрсеткіші.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Назарбаевтың жиені Әлиевтің жұмыстан не үшін кеткені белгілі болды

Астана қаласы әкімінің орынбаары болған Нұрәлі Әлиевтің қызметінен кету себебі белгілі болды. Лауазым иесінің жұмыстан кетуіне ешкім түрткі болмаған. Бұл туралы ол отандық ақпарат құралдарының біріне ...

Korrespondent.kz Саясат

Шымкент жаңбыр суының астында қалды (фото+видео)

Шымкентте толассыз жауған жаңбырдың салдарынан қала кәдімгідей өзенге айналды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі. ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Елбасы 2740 теңгеге сауда жасады

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар қаласына жасаған жұмыс сапары барысында «Greenwich» гипермаркетін аралап, бешбармақ кеспесін, қарақұмық пен шай, қаймақ, нан, ірімшік, қымыз сатып алды...

Korrespondent.kz Қоғам

Жындыханаға жатқызылған Маржан Тұрлыбаеваның дені сау болып шықты

Өмірінің соңына дейін Түркістандағы жындыханаға жабылған бойжеткен Маржан Тұрлыбаеваның ақыл-есі кем емес болып шықты. Яғни, 19 жастағы бойжеткеннің қоғамға ешқандай қаупі жоқ. Соңғы тағайындалған сар...

Korrespondent.kz Қоғам

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter