Қатты дауыл ОҚО тұрғындарын әбігерге салып жатыр
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов пен ОҚО ТЖД басшысы А.Путейко дауылдың салдарынан зардап шеккен Отырар ауданында болып, зақымданған нысандардың жағдайымен танысты, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Оқиға орнында жүрген арнайы жұмыс тобы мұнда тұрғын үйлер мен 4 мектеп, 1 балабақшаның, сонымен қатар, Маяқұм ауылындағы №30 жекелеген өрт сөндіру бекетінің шатыры ұшып, ғимараттарға айтарлықтай зиян келгенін анықтады. Ал Түркістан қаласы мен Бәйдібек ауданындағы 1 нысанға қатты зиян келгені белгілі болды.
Табиғаттың тосын мінезінен болған оқыс оқиғаның салдарына куә болған аймақ басшысы жауапты сала мамандарына жеке тұрғын үйлердің шығындарын тіркеуге алып, істі бақылауға алу арқылы жергілікті халыққа барынша жағдай жасау керектігін тапсырды.
Еске салайық, кеше, 14 маусым күні сағат 22:30-23:25 аралығында ОҚО аумағында жылдамдығы 25-30 метр болатын күшті жел Отырар, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласындағы 300-ден астам тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың шатырын ұшырып, ағаш және электр бағаналарына зиян келтірген болатын.
ОҚО ТЖД мамандарының алдын ала мәліметінше, күшті желден толық немесе жартылай ғимараттардың шатырлары ұшып кеткен. Атап айтқанда, тұрғын үйлерге, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерге, емдеу мекемелері мен мемлекеттік мекемелерге, коммерциялық объектілерге, ағаш және электр бағаналарға зиян келтірілген. Қазіргі таңда оқиға орнында арнайы комиссия құрамы жұмыс жүргізіп, келтірілген шығынның көлемін анықтап жатыр. Зардап шеккен адамдар жоқ.
«Қазгидромет» орталығы мамандарының болжамынша, мұндай ауа райы өңірде әлі екі күнге созылады.
- ОҚО
- ЮКО
- Аким ЮКО
- ОҚО әкімі
- Бейбут Атамкулов
- Бейбіт Атамқұлов
- Отырар ауданы
- Ерлан Айтаханова
- Ерлан Қуанышұлы Айтаханов
- қатты дауыл
- қатты жел
- Корреспондент
- қызық ақпарат