ОҚО әкімі күтпеген жерден шымкенттік журналистің ұлының тұсауын кесті
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Ұлыстың Ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысып, көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Наурыз – Оңтүстіктен басталады. Себебі, көктемнің алғашқы самалы да – Оңтүстіктен еседі. Бұл өзгермейтін заңдылық биыл да өз жүрісінен жаңылған жоқ. Міне, бүгін баршамыз көктемнің осы бір мұғжизалы мерекесінде бас қосып отырмыз. Биылғы Наурыздың символдық мәні өте жоғары. Себебі, Қазақстанда Наурыздың ресми тойлануына биыл – 25 жыл толып отыр», - деді облыс әкімі. Дәл осы салтанатты шарада өңір басшысы шымкенттік сәби Абылайдың тұсауын кесті. Тұсауы кесілген 11 айлық Абылайдың анасы облыстық арналардың бірінде журналист болып еңбек етеді. Қазір декреттік демалыста. Әкесі Дастан Баширов телевизия саласының маманы болған. Алғашқы қадам басу рәсімі өткен сәби әкесінің айтуынша, отбасымен думанды шараны тамашалауға келіп, күтпеген жерден өңір басшысына ұсыныс айтқан. Облыс әкімі жас ата-ананың өтінішіне қарсылық танытпапты. Айта кетейік, ұлысымыздың ұйытқысы, қазақылықтың қаймағы саналатын Оңтүстік өңірдегі мерекелік той-думанға 10 мыңға жуық халық жиналды.
- Бейбіт Атамқұлов
- Бейбут Атамкулов
- ОҚО
- ЮКО
- Наурыз
- Корреспондент
- қызық ақпарат