Коллектор ХХІ ғасырдың рэкеті ме?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сәрсенбi, 11 мамыр 2016

 Кіру / Тіркелу

Коллектор ХХІ ғасырдың рэкеті ме?

x-true.info
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Осы мәселе, нақтырағы «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы бір айдан бері мәжілісмендердің «мүжіп» талқылаған тақырыбына айналды. Алтыншы шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің назарына бұл заң 5 сәуірде ұсынылды. Алғашқы оқылымда-ақ құжат қалаулыларымыздың керісуіне және депутаттардың аузымен айтылған тарихи афоризмдерге түрткі болды. 

«Коллекторлық қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірлеген Ұлттық Банк құжатта Англия мен АҚШ тәжірибесін ескеріпті. Борышкерлердің мүддесі мен құқын қорғау үшін жобада банктер мен шағын несие ұйымдарына баспанамен кепілдендірілген жеке тұлғаның қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынған. Жұмыс күндері кешкі 9 бен таңғы 8 аралығында, демалыс және мереке күндері кешкі 7 мен таңға 10 аралығында борышкермен қарым-қатынасқа түсуге тыйым салу көзделген. Оған қоса, егер несие келісімінде ондай көзделмеген болса, борышкердің келісімінсіз несие талаптарын орындату құқын өзгеге беруге болмайды.

Алайда, заң жобасы депутаттардың арасында дау тудырды. Құжатты талқылау кезінде мәжілісмен Мұхтар Тінікеев оны «рэкетті заңдастыру» екенін айтып:

«Бірден айтайын, мен бұл заң жобасына қарсымын. Өйткені, біз «банктік рэкетті» заңдастырғалы тұрмыз. Егер бұрын әрбір екінші деңгейлі банктерде өздерінің коллекторлық агенттіктері жұмыс істесе, қазір Ұлттық банк олардың бәрін жоймақшы. Осылайша, Ұлттық банк депутаттардың қолымен «халыққа қарсы» заң жобасын қабылдатпақ. Біздің 5 миллионнан астам азаматтарымыз кредит алыпты. Олар еріккеннен бұндай қадамға бармағаны да түсінікті. Заңда кешкі сағат 21:00-ден кейін борышкерлермен жұмыс істеуге тыйым салынады деп отыр. Ал қайсы коллектор бұл туралы Ұлттық банктен сұрайды екен? Ешкім де сұрамайды. Олар өздеріне қажетті қаражатты алмайынша тоқтамайды. Тұтастай алғанда мен заң жобасын «шикі» деп санаймын», - деген еді. 

Осы кезде өзінің ғасырларға қаларлық ғұлама афоризмдерімен елге танылып жүрген Гүлжана Қарақұсова «мафияны жеңу үшін, оны басқару керек» деп кезекті архиданалық ойын айтты. Мұнымен депутат ханым өз әріптесімен келіспейтінін білдіріп, мафияны басқаруға мүмкіндік беретін «коллекторлық туралы» заңның мемлекетке керек екенін ерекше атап кетті. Оның айтуынша, бүгінде 209 мың қазақстандық шағын несие ұйымдарына борышкер. Соның бес мыңы дер кезінде тиісті төлемін жасай алмай отыр. Ал, ондай қаржы ұйымдарына берешектің жалпы мөлшері – 1,3 миллиард теңге екен. 

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков келтірген дерек бойынша қазіргі таңда несие алған қазақстандықтардың 5 миллионы алған несиесін уақытылы төлей алмай, берешек боп қалған. Бұл бүкіл ел тұрғындарының шамамен үштен бірі. Соның миллионға жуығы алған несиесін дер кезінде қайтара алмай отырғандар. Олардың дені жалақыны растауды қажет етпейтін тұтыну несиелерін алғандар. Енді банктер сол несиені қайтарудың барлық жолын қарастырып жатыр. Соның ішінде жоғарыда айтылған «Коллекторлық қызмет туралы» заңды қабылдау. 

Бүгінгі күнде елде коллекторлық компаниялар екі жүйе бойынша жұмыс жасайды. Біріншісі – банк өкілі ретінде. Яғни, коллекторлық компания банкпен келісім жасасып, жүрген жерде сол банктің «сойылын соғады». Екіншісі – дисконт бойынша қарыздарды сатып алу. Бұл жағдайда қарыз портфелін бағалап, коллектор берешекті «жеңілдікпен» «сатып алады» да ары қарай сол борышты бар тәсілмен толығымен өндіріп алуға тырысады. Бұл бір жағынан банктерді қиын қарыздардан арылтса, оны сатып алған коллекторлық компания да табыс табады. Жалпы тілмен айтсақ «құда да тоқ, құдағи да көңілді». Ал, қаржы ұйымына қарызданып қалған жеке тұлғаға түскен салмақты «төлей алмаса, кредит алып несі бар?» деген бір ғана сөз бүркеп тастайды.

Жаңадан әзірленіп жатқан «Коллекторлық қызмет» туралы заң Ұлттық Банкпен, «Атамекен» Кәсіпкерлер Ұлттық Палатасымен, қаржыгерлер мен шағын несие ұйымдары қауымдастығымен, бір сөзбен айтқанда сол несиені алған қарапайым халықтан басқасының бәрімен келісілген. Әрі бұл заң жобасының баспадағы нұсқасы да табылмайды. Сондықтан онда нақты не айтылғанын дөп басып айту бізге де қиын боп тұр. Біз тек оны қолымен ұстап, көзімен көрген депутаттарға сенуден басқа амалымыз жоқ. Ал олардың бір бөлігі құжатты ертерек қабылдауға құмар да, екінші бірі «онда судьяларға берілмеген уәкілеттілік коллекторларға беріліп қойғанын» айтты. Мысалы, 14- баптың 5 тармағында кепілге қойылған мүлікті соттан тыс өндіріп алуға құқық берілген екен. Егер осындай бабы бар заң қабылданар болса, бас пайдасын ойлаған коллекторлық компания өкілдері соттан да, сізден де сұрамай мүлкіңізді тартып алады. 

Әзірге заң жобасының кей тұстарымен келіспеген депутаттар оны қайта дайындауға жіберді.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter