Желі қолданушылары мәжілісмендердің Атырауда өткен митинг туралы пікірін сорақылыққа теңеді (видео)
24 сәуірде Атырауда жер сатуға қатысты наразылық митингі өткен болатын. Бұл оқиға ел бойынша қызу талқыланды. Осыған орай Азаттық радиосы орындарына жаңа ғана кіріскен Мәжіліс депутаттарының аталған жайтқа қатысты пікірін білді. Алайда олардың наразылық шарасына қатысты айтқан ойлары әлеуметтік желі қолданушыларының күлкісін келтіріп, түңілтіп тастады. Әсіресе ұлт жанашыры деп жүрген депутат Бекболат Тілеуханның пікірін қып-қызыл өтірік дегендер табылды.
«Бекболат Тілеуханның: ішкі және сыртқы күштердің араласуын көріп отырсыздар, дегені қып-қызыл өтірік енді.
Ішкі және сыртқы күштердің араласуын көріп отырмын, деп жекеше түрде бірінші жақта айтса, мейлі, сөзім жоқ. Өз еркі, не көргісі келеді, соны көреді де.
Ал, "көріп отырсыздар" деп менің және басқа да көптің атынан сөйлеуді жауапкершіліктен қашу, жағдайдан сытылып кету деп түсінемін» деп жазды желі қолданушыларының бірі. Сондай-ақ, ғаламтор қолданушысы өзінің парақшасында «Қуаныш Сұлтановтың: «Естіген жоқпын» деп тайып тұруы тіпті сорақылық» деп пікірін қалдырды. Ал келісі бір қолданушы бұл сауалнама төменгі палата мүшелерінің бетперделерін ашып бергені туралы ойын білдірген.
Айта кетейік, сауалнамада депутат Қуаныш Сұлтанов пен Сергей Дьченко митинг туралы мүлдем естімегенін айтып, көпшілікті таң қалдырды. Ирина Унжакова болса, өз жұмысымен жүргендіктен, жауап беруге мүлдем уақыты жоқтығын айтып, банкомат жанына келіп аялдады. Тағы бір мәжілісмен Әбдіманап Бектұрғанов «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады» деген болу керек, журналистің сұрағына: «Менен басқасынан сұраңызшы» деп жауап берді.