«Корреспондент» газетінің редакциясын тонап кетті
«Корреспондент» республикалық қоғамдық-саяси апталық газетінің редакциясына ұры түсті. Сәуірдің 28-інен 29-ына қараған түні редакция ғимаратына белгісіз адам (бірнешеу болуы мүмкін) баса көктеп кірген. Қарақшылар редакцияға темір торлы терезені бұзып кіріп, 8 ноутбукты қолды еткен.
Редакция қызметкерлері бұл жағдайды таңғы сағат тоғыздар шамасында байқады. Оқиға орнына құқық қорғау қызметкерлері шақырылды. Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс Шымкент қалалық ІІБ әл-Фараби ПБ тіркелді. Шенді қызметкерлер тергеу амалдарын бастап жіберді. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, кеше, бейсенбі күні редацияда белгісіз себептермен жарық түске дейін өшіп қалған болатын. Ал оның жанында орналасқан ғимараттарда жарық болған. Соған қарағанда бұл әлдекімдердің алдын ала жоспарлаған әрекеті болуы мүмкін. Себебі қарақшылар ғимарат ішінен тек ноутбуктерді ғана алып кеткен. Ал өзге техникаларға тиіспеген. Тағы да айта кететінін жайт, кеше Шымкентте жердің сатылуына қарсы наразы топ өткізген баспасөз мәслихатына «Корреспондент» газетінің екі тілшісі ақпарат алу үшін барған еді. Редакцияның тоналуына осы да себеп болды ма екен?.. Алайда, жер мәселесіне қатысты мақала жазылған газеттің соңғы нөмірі баспаханаға жіберіліп қойылған-ды.
- шымкент
- ОҚО
- ЮКО
- қарақшы
- тонау
- қылмыстық іс
- Корреспондент
- қызық ақпарат