ОҚО әкімі алдағы бес жылда ауыл шаруашылық саласын қалай елестететінін айтып берді
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің аймақтық филиалында ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен брифинг өтті. Сөз алған аймақ басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының» орындалу барысы туралы айтты.
Ұлт жоспарын бес реформаға сай жіктеп баяндама жасаған облыс әкімі индустрияландыру және экономикалық өсімге ерекше тоқталды. Айтуынша, былтыр Оңтүстік Қазақстанда негізгі капиталға 416 млрд теңге инвестиция бағытталған. Оның 12 пайызы сыртқы инвесторлар есебінен бөлінген.
«Облыста 11 индустриалдық аймақ құру жоспарланған болса, оның алтауы іске қосылды. Өндіріс орнын ашамын дегендерге барлық жағдай жасалған. Біз мейлі шетелдік, мейлі жергілікті инвестор болсын, барынша қолдауға тиіспіз. Себебі олардың өндірген өнімі арқылы экономикамыз дамиды. Сонымен қатар олар жұмыссыздық деңгейінің кемуіне септігін тигізеді. Алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы саласы дамып, жұұмысшылар кәсібилене түседі. Олар басқаша ойлайтын болады»,-деп атап өтті аймақ басшысы. Сөзінің соңында Бейбіт Бәкірұлы қызылшаны өңдеп, қант шығаратын зауыт салуға инвесторлар іздеп жатқанын мәлімдеді. Өйткені бізде бұл өнімге деген сұраныс жоғары болып отыр.
Оңтүстік Қазақстанда индустриаландыру бағыты бойынша іске қосылған жобалардың ішінде «Әлем-БТ» мен «Азала текстиль» ЖШС-тері Атамқұловтың жүрегіне ерекше жақын екен. Тіпті аймақ басшысы «Азала текстиль» өндіріс орны шығаратын көрпе-төсек тыстарын өз үйінде пайдаланатынын да айтып қалды.
- Бейбут Атамкулов
- Бейбіт Атамқұлов
- Аким ЮКО
- ОҚО әкімі
- Корреспондент
- қызық ақпарат