Арманы жоқ ауыл
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сенбi, 2 сәуiр 2016

 Кіру / Тіркелу

Арманы жоқ ауыл

Арманы жоқ ауыл

Иә, арманы жоқ ауыл. Басыңа тартсаң етегіңе жетпей жатқан мына заманда арманы жоқ ауыл бола ма дерсіз. Иә, бар. Ол менің ауылым. Сонау, Мақтааралдың бір шетінде, шекараға тым жақын орналасқан. Аты да қызық – Жаңаауыл. Жасы жарты ғасырдан асса да тәуелсіздік алған соң Тельман деген атауының орнына Жаңаауыл деп аталды. 

Міне, осы ауыл менің ауылым. Әрине, онда туып, өскем жоқ. Дегенмен бір кездері суын ішіп, шаңын кешкен жерім. Бүгінде аңсап барар құтты мекенім. Осы ауылдың мүлде арманы жоқ десем, сіз сенбейсіз. Жаз бойы шаң, қыс бойы балшық кешіп жүрсе де «неге бұлай» дейтін ешкім жоқ. Бейне солай өмір сүруге жаралғандай. Қысы-жазы тапқаны арбамен, таппағаны шелекпен су тасып ішеді. «Неге олай» дейтін тағы ешкім жоқ. Бейне бұл ауылдың тұрғындарының бәрі мәңгі су тасып өту үшін жаралғандай. 

Сонау, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Кеңес өкіметі деп аталатын заманда да бұл ауылда үйді-үйге су жүйесі тартылмаған екен. Әлі де сол. Көшенің басында бір үйде су болса болды, қалғандары сол үйден тасып ішеді. Бірақ, ақысын бірдей төлейді. Тіпті, көрші ауылдан тасып ішсең де ақысын төлейсің. Әйтеуір, су ішпей отырған жоқсың ғой, қайдан тасып ішсең өз еркің, су ішкенің үшін ақы төлеуің керек сияқты. 

Мен ауылдан кеткелі де міне он жылға аяқ басыпты. Осы он жылда елімізде талай-талай өзгерістер болып жатыр. Біздің ауылда ше? 

Ауылымыз таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі, көшеміз асфальттанып, жарықтанады деп біздің ауылдың адамдары армандамайтын да сияқты маған. Ал, табиғи газ жайлы ойлай ма екен деген ой менің де миыма келмейді. Өйткені, ол тіпті қисынсыз әңгіме сияқты. 

Біздің ауылдың әкімі де армансыз. Неге дейсіз бе? «Неге су жоқ, неге көгілдір отын жақпаймыз» деп миын ашытып, күнде есік қағатын айқайшыл шалдар да, «әкім боп не бітіріп жатырсың» деп әкіреңдейтін тентек ұлдар да жоқ бұл ауылда. 

Көрген жерде әкімін әкесіндей көріп қадірлейді, құрметтейді. Ауыл әкімінің үстінен арыз айтып, ауданға да бармайды. Тіпті, біреулер секілді теледидарға шығып шу да көтермейді. Газетке жазып жаманатты да қылмайды. Мына ауылға обал болды-ау дейтін әкім де жоқ. «Сен тимесең, мен тимен» дейтін сияқты. 

Иә, біздің ауылдың арманы жоқ. Себебі, көшелерінің нақты атауы да жоқ. Жасы жарты ғасырдан асқан көшелерге ат береді-ау деп те ешкім армандамайды. Ауыл әкімінің де, ономастикалық комиссияның да құлағын шулатып ешкім ізденбейді. Орталық көшенің өзіне бір ауылдасымыздың әкесінің атын қойдырғанына оншақты жыл болды. Атаңыздың атын көшеге қойғыңыз келсе біздің ауылға бара берсеңіз болады.

Айтпақшы, жақында ауылымызға жаңа мектеп салынды. Бұл да болса Құдайдың көзінің түскені шығар деп қатты қуандық. 

Бұдан үш-төрт жыл бұрын жаңа емхана бой көтерген-ді. Бұрынғысы тек екі бөлмеден тұратын медпункт болатын. Солай болса да орталық көшенің бойында, ел ішіне жақындау еді-ау. Сөйтсек, ол медициналық пунктіміз талай жылдан бері біреудің учаскесін жайлап келген екен. Оны өкіметтің өзі жаңа емхана саларда бір-ақ біліпті. Басы істемейтін баяғы Совет өкіметі солай білмей салып қойған ба, әлде басқа бір сыры бар ма ол жағы бізге де беймәлім. Ескі медпунктіміз бір күнде өз орнына өгей болып шыға келді де, жаңа емхананы ауылдың арғы шетінен соғуға тура келді. Маңайында бір түйір көлеңкесі жоқ, жолы жазда тобықтан келер борпылдақ топырақты, қыста тізеден келер балшықты кешіп, алтыншы көшені кешіп барғанша сау адамның өзі ауру болатын сияқты. Ал, ауырған жанның қалай жетерін білмейміз. Ол жағына басымызды да қатырғымыз келмейді. Себебі, сол емхананың салынғанына қуандық. Олай болмағанда қайтер едік?

Әйтеуір, сол көшелердің топырағын күнде кешіп жүрген менің ақ халатты ауылдастарыма асфальт салынғанша төзім берсін деп тілейік.

Иә, менің ауылымның арманы жоқ. Жаңа да айтып кеттім олар көгілдір отынды мүлде керек етпейді. Жақында Жетісай жақтағы тағы бір ауылдың тұрғынымен әңгімелесіп қалдым. «Ауылымызға газ тартады деген әңгіме бар» дейді қуанып. Ал біздің ауылдың адамдары «әңгіме бар» деп те айтпайтынына жүрегім ауырады. Көгілдір отын келеді-ау деп армандай да алмайды. Ауыз судың өзіне жарыта алмай отырған әкімнен көгілдір отынды қалай ұялмай сұрасын ауылдастарым. Бұл дегенің аспандағы айды әпер дегенмен бірдей әңгіме. Ұят қой! Мақтааралдың мақтасы барда, қоза жағып-ақ қоңыр тіршілігін тербете береді. 

«Анау керек, мынау жоқ» деп әкімдерінің миын ашытпай-ақ, демократия деп дабырламай-ақ, демографияға өз үлестерін қосып жүрген жайы бар, менің ауылдастарымның. 

Жақында ауылға бардым. Көпірден өте, орталық көшенің бойында көліктің шамына шағылысып әлдеқандай портреттер көрінді. Алғашқыда жүрегіміз суылдап, шошып кеттік. Сөйтсек, ауылымызда туып-өскен, бәлкім сіңірген еңбегі де бар шығар, қазірде марқұм болған жандар екен. Жанарлары көліктің жарығымен шағылысып жанымызды алған суреттерді көріп, ішімізден «бісмілләмізді» қайта-қайта қайталадық.

Түсіндік. Ауыл әкімінің Жаңаауылға енгізген жаңалығы болар дедік. Әрине, ол кісілердің ауылымыздың іргетасын қалауда сіңірген еңбектерін сызып тастай алмаймыз. Бірақ, оларды күзетшідей етіп көшеге тізіп қойғанша, бір мекеменің алдына кішкене ғана болса да аллея ашып, суреттерімен қоса өмірбаяндарын жазып, атқарған еңбектерін насихаттасақ нұр үстіне нұр болмас па еді.

Аталарымыз тұрған көшеде тіпті жарық та жоқ. Қараңғыдан мүлгіген аруақтарды көріп қай-қайдағы еске түседі. Ары-бері өтетін көліктің жарығына шағылысып, үнсіз мүлгиді. Егер тілі болғанда өздерін осылайша телміртіп қойған шенеуніктерді шетінен сықпыртар ма еді. 

Біздің ауылға шекара жақын болған соң көрші өзбек елінен қонақ көп келеді. Аталарымыздың суретін қойғанша, ауылға кірген жерге «Қазақстан – менің Отаным» деген сөзді жазып қойса қандай жақсы болар еді, ә?! Бұл біздің қаншалықты патриот екенімізді айқындап тұрар еді. Өзбекстанның кез келген ауылына барыңызшы, «Өзбекстан – менің Отаным!» деген сөзді көресіз. 

Жалпы, көше бойына ауылды көркейтуге, тазалықты сақтауға, адалдық пен әділдікті, елді сүюді үйрететін нақыл сөздер жазылса қандай жарасымды болар еді десеңізші. 

Ал, қазір меңіреу қараңғылықта мүлгіп марқұмдар тұр. Мына көше қашан жарықтанады екен дейтіндей. 

Ауылдастарым ауылдың шалшық һәм балшық көшелерін кешіп, күйбең тірліктерін күйттеп жүр. Әне, бірі піләгін даңғырлатып, қотыр-қотыр көшенің бойымен арбасын сүйреп, бірі қос шелегін көтеріп суға бара жатыр. Өзгеде жұмысы жоқ. Тезірек тасып алмаса үш сағаттан соң су тоқтап қалады. 

Мен қайттым. Көңілімде ауылымызға қашан көгілдір отын келіп, көшелеріміз самаладай жарқырап, әр тұрғын үй таза сумен қамтылады деген армандарым көлбеңдеп жатты. Ал, саялы саябақ, кітапхана, жастарға арналған мәдениет үйі мен спорттық нысандар жайлы мен де мүлде армандамайтын сияқтымын.

Мен кеттім. Армансыз ауылым қалды... Армандамайтын ауылым... Армандай алмайтын ауылым... Армандарын ашып айтпайтын ауылым...

Ал, мен жаздым. Біреулерді өкпелету үшін емес, ренжіту үшін емес. Менің ауылымның, менің ауданымның әкімдерінің құлағына «алтын сырға» салу үшін... 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Тұрмысқа шықпаған қыздар тележурналист Маржан Сұлтанбайдың сөзіне өре түрегелді

Қазақстанның бойдақ қыздары бұрынғы қазақтарды надан деп, басы дауға қалған тележурналист Маржан Сұлтанбайды бірнеше бала-шағасы бар қаламгердің төсегі суыған деген болжамы үшін тағы сынның астына алд...

Korrespondent.kz Қоғам

Шымкентте Қазақстанда теңдесі жоқ қолғап шығаратын цех іске қосылды

Қазіргі таңда Шымкентте Казақстандағы жылына 13,5 млн жұп мақта-мата қолғап шығаратын цех іске қосылды. Инвестициялық жоба оңтүстіккореялық инвесторлардың көмегімен жүзеге асқан. Өндіріс орны 0,8500 г...

Korrespondent.kz Экономика

Көптің ызасын тудырған "жартылай жалаңаш" мүсін өзгертілетін болды

Көптің ызасын тудырған Астанадағы «Ғашықтар мүсіні» өзгеретін болды. Қазақстан Парламент мәжілісіне қатысқан Мәдениет және спорт министрі осылай деді. Бұл туралы Қазақстан-zaman мәлімет таратты. ...

Korrespondent.kz Қоғам

ОҚО-да есек ұрлап, оны сойып сатумен айналысқан топ қолға түсті

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері есек ұрлап, оны сойып пайда тапқан топты қолға түсірді, деп хабарлайды облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.  Бәйдібек аудандық және Түркістан ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter