Қырымбектің «Аққуы» Сыр бойына қонбасын...
Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысына әкім болып келе салысымен елді елең еткізер жобаларды қолға ала бастаған еді. «Ақтау Сити» саламыз деп, оның шағын ғана макеттік жобасын теледидардан бірнеше мәрте жарнамалаған болатын. Жобасына қарап, Ақтау әлемдегі екінші Дубайға айналады деп күткен едік. Өкінішке орай, жобаны қаржыландырушы шейхтар дағдарысты алға тартып, «Ақтау Ситиді» қаржыландыра алмайтынын айтыпты-мыс. Осылайша жұмақ қаланың жұмбағы шешусіз қалды. Жарнамаланған жобалар тоқтап қалғанын ел түсінбей дал болды.
Жобасы дайындалған «Ақтау Сити» салынбаса да, қаланың шет жағынан «Аққу» шағынауданы салынып жатқанын көріп, халықтың көңілінде үміт оты жарқ етті. Құрылысы басталған шағынаудандағы тұрғын үйлер үшін жергілікті халық жинаған қаражатын салды. Осылайша 16 тұрғын үйдің құрылысын «МАК» құрылыс компаниясы жүргізді. Бірақ, 2013 жылы «Аққу» шағын ауданы құрылысы сапасыз жүргізілгендіктен тоқтатылды. Нақтырақ айтсақ, Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғын үй бетондарының майысқанын аңғарған.
Шағынауданның құрылысына жарты миллиардтан астам қаражат жұмсалды. Әуелгі кезде бұл құрылысқа бөлінетін қаражат жергілікті құрылыс басқармасының есепшотында тұрған. Кейіннен «Каспий» Әлеуметтік Кәсіпкерлік корпорациясының шотына аударылыпты. Яғни, «Каспий» ӘКК тұрғын үйге тапсырыс беруші деп танылды. Халық көкейінде сансыз сұрақ қалды.
Біріншіден, құрылыс басқармасының шотында тұрған қаражат корпорация шотына қалай аударылып кетті? Білуімізше, мұндай әрекет көбіне – тендер ойнатылмауы үшін жасалады екен... Сонда «МАК» ЖШС ешбір тендерсіз жеңімпаз атанғаны ма?
Екіншіден, құрылысты сапасыз жүргізген «МАК» ЖШС неге заң алдында жауапқа тартылмайды?
Мұның бәрі Қырымбек Көшербаев облысқа әкім болып тұрған кезде орын алған олқылықтар. Тіпті, «Заветная мечта» деп аталатын тұрғын үйлердің дауы да осы Қырымбек Елеуұлының артында қалған «із» еді.
«Аққудан» соң «Аққу-2»
«Аққу» шағын ауданының құрылысы алдағы күндерде жалғасын таппақ. Арнайы институт өкілдері келіп зерттеп, сапасыз үйдің құрылысына тірек болатын қосымша бекітулер салып жұмысты жалғастыруға болады деп шешіпті. Бірақ, бірде-бір құрылыс мекемесі сапасыз үйдің жұмысын жүргізуге құлықсыз. Өйткені, пәлесін аударғалы тұрған үйдің жауапкершілігін мойнына алғысы келмейді. Бұл заңды да!
Бұл тұрғын үйлер құрылысы тоқтағасын, жергілікті билік «Аққу-2» шағын ауданын салды. Бәрі заңды түрде жүзеге асырылып, құрылыс басқармасы тарапынан тендер ойнатылып, әп-әсем зәулім үйлер қала шетінен бой көтерді. Сапасы да жақсы. Қоныстанып жатқан халық та жеткілікті. Қырымбек Көшербаев осылай істегенде «Аққу» шағын ауданының құрылысы тұраламас еді-ау!
Айтпақшы, өткен жылдың ішінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария жағалауына әлдебір ғажап қала саламыз дегенді айтып, теледидардан жобасын да көрсетті. Тура «Ақтау Сити» сияқты екен. Әрине, салынғаны жақсы. Бірақ, Ақтаудағы «Аққудың» гәккуі Қызылордада да қайталанып жүрмесе игі.
Ж. ОРАЛБАЙ
- Қырымбек Көшербаев
- Маңғыстау облысы
- «Ақтау Сити»
- құрылыс
- қызық ақпарат