Депутат пен полицей «тіресіп» қалды
Шымкентте қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында бір депутат жергілікті полиция қызметіндегілерге ренішін айтып, сынның астында алыпты. Ұзынқұлақ солай дейді.
«Гәп» депутаттың қымбат көлігінен басталған. Халық қалаулысы әкімдік ғимаратына келіп, көлігін қойып, ішке кіріп кетеді. Біраз уақыт өткен соң шықса, көлігінің нөмірі жоқ. Полицейлер болса, көліктің күңгірттелген терезесіндегі жапсырманы көріп, сондай қадамға барыпты. Содан сессияға қатысқан депутат жергілікті полиция қызметінің басшысына «секіріп», «заңды қадағалағыш болсаңдар, анау «Гарант» жақтағы ұялы телефон ұрыларын ұстамайсыңдар ма?» деген секілді ренішін айтқан көрінеді. Қысқасы, халық қалаулысы полициейлердің өзіне жасаған бұл әрекеті атақ-абыройына нұқсан келтірді деп ойлады ма, әйтеуір өзегі өртеніп кете жаздапты. Ал бұған шенді қызметкер «Сіздің ұсынысыңыз орынды. Бақылаймыз. Дегенмен заң – бәріне ортақ» деп қысқа қайырыпты-мыс. Қысқасы, Шымкентте депутат пен полицей осылайша «тіресіп» қалыпты.
- Полиция
- депутат
- шымкент
- қызық ақпарат