Қарасудың әкімі ұлтаралық дау туғызғысы келіп жүр ме?

Ұзынқұлақтан естуімізше Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылының әкімі жергілікті түрік ұлтының өкілдерін «қазақтарға қарсы арыз жазыңдар» деп, айдап салып жүрген сыңайлы. Неге дейсіз ғой? Таяуда қарасулық қазақтар мен түріктердің арасында «бытовой» айқай-шу, төбелес болған көрінеді.
Мұны естіген түріктің ақсақалдары «бізге күн бермей жатыр» деген сыңайда шағым айтып, жиын өткізіпті. Ол жиында неғып жүргенін қайдам, осы ауылдан шыққан танымал, талай қызметтің басын қайырған бір-екі азамат: «қорықпаңдар, қазақтарды өзіміз басамыз, сендерге «крыша» боламыз» деп, уәде беріпті. Уәдесінде тұру үшін ауылдың әкіміне «қазақтарға қарсы арыз ұйымдастыр» деп, тапсырма беріпті-міс. Осы істі аяғына жеткізсең, аудан әкімі етем деді ме, кім білсін, әйтеуір, ауыл әкіміне шыр бітіп, түрік отбасыларын жағалап, сес көрсеткен қазақтарға қарсы арыз жаздыртуға кірісіп жүрген көрінеді. Егер осы айтылғандардың бәрі рас болса ауыл әкімі ұлтаралық дау туғызып, екі ұлтты төбелестіріп, елдің алдында масқарасы шығып қалуы бек мүмкін. Қалай болғанда да ел ішінің тыныштығын тілейік.
- Қарасу ауылы
- Сайрам ауданы
- әкім
- қызық ақпарат