«Қазақ радиосы» сайрап тұр

- Мақпал ТӨРЕБЕК
«Қазақ радиосының» Оңтүстіктегі меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбектің «facebook» парақшасындағы жазбасы тыңнан түрен салғандай болды. Бір сөзінде көрші Өзбекстанның метросы мен сауда орындарында өзбек әндері ұдайы қосулы тұратынын айтқан журналист, біздің елде де қазақ радиосы қосылса, рухани азық боларын айтып еді.
Облыстағы клуб пен мәдениет үйлерi маңына радио орнатылса деп ой тастаған журналистің сөзін іліп әкетіп, іске асырғандар кімдер? Ең алғаш осы идеяны «игеріп», ақпан айының алғашқы күнінен бастап «Оңтүстік Цирктің» маңдайшасына радио орнатылды. «Ұсыныс бiрден ой салды. Оны орындау үшiн неге тапсырманы күтiп отыруымыз керек? Таңертең жұмысқа келгенде техникалық жарық және дыбыс бөлiмiнiң қызметкерлерiне радионы орнатып, қосуды бұйырдым. Екi-үш сағаттың iшiнде цирк ауласында қазақ үнi шарықтады», – депті бір сөзінде цирктің директоры Арман Әлиев. Содан көп ұзамай облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық драма театр мен облыстық қуыршақ театрының да ғимараты әуе толқынымен қауышты.
Содан кейін Отырар ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Ерлан Айтаханов ауыл адамдарына «тегін концерт» қойып берді. Иә, осылай ол да мәдениет үйі маңына радио орнатуға тапсырма берді. «Тек қана мәдениет сарайы емес, автовокзал мен пошталарда да радио қосулы тұр. Бастысы ол білім және денсаулық сақтау мекемелерінен алысырақ болуы қажет. Әрине, бұл тапсырмамды алғашында ыңғайсыз қабылдағандар болды. Бірақ, біз қазыналы Оңтүстікте, соның ішінде киелі Отырарда тұрып жатырмыз»,-деген еді аудан басшысы. Қазір қазақ радиосы Мақтаарал, Созақ, Шардара сынды бірнеше аудандардың мәдениет үйлерінде сайрап тұр деген ақпар бар. Осылайша соңғы кездері тек қана көлікте қосылып жүрген қазақ радиосының қадірі тағы да арта түскендей. Аталмыш жоба алдағы уақытта автовокзал, темiржол вокзалы, әуежайға орнатылмақ екен. Осындайда «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегеннің кері келіп жүрмесе болғаны... Өзі азан-қазан, у-шу болып жататын орындарға радионы орнату қаншалықты орынды? Ал онсыз да ән әуелеп тұратын сауда орталықтары мен базарларға, саябақтарға радионың артықтық етпейтіні анық. Сондай-ақ, Шымкент хайуанаттар бағына да қазақ радиосын қосу мәселесі қарастырылуда екен.
Осыған дейін ешбір үндеу мен тапсырмасыз-ақ қазақ радиосы Жетісайдың орталық алаңында әуелепті. Олай болса, Оңтүстіктегі игі бастама биылғы «Қазақ радиосының» 95, ал «Шалқар» радиосының 50 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келсе керек. Ғұмырлы болғай!
- «Қазақ радиосы»
- Ерсұлтан Әмірбек
- тілші