Күтпеген сый
- Жанат ҚАПАЛБАЕВА
Өмір тауқыметін аз көрмеген, басынан кешкен қиындықтары бір адамның ғұмырынан артылатын ардақты ана – Тараз қаласының тұрғыны Рахима Әтешева. Бізді бұл кісі несімен қызықтырды? Ол – қарапайым аула сыпырушы. Осы қызметі үшін «Тұрғын үй» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнынан жалақы алады. Бұл жұмысқа орналасып, мемлекеттен пәтер алғанға дейін ол екі баласымен жатақхананың тар бөлмесін паналап, отбасын асырайтын жұмыс таппай сенделген дәрменсіз әйел ғана еді. Қиын кезде қол ұшын созған мемлекеттің нақты қолдауы оның өміріне ерекше серпін әкелді. Барлығы қалай басталғанын кейіпкерімнің өз аузынан естиік.
– Осы Жамбылда оқу бітіріп, біраз жылдар қалалық балалар ауруханасында медбике болып жұмыс істедім. 1990 жылы тағдыр Қаратау қаласының тумасы Болатбек деген азаматпен қосты. Сол кездегі басқа отбасылардан еш айырмашылығы жоқ толыққанды бақытты отбасы болдық. Бірақ үш жылдан кейін жұбайым ойламаған жерден ажал құшты. Екі баланы құшақтап мен қалдым. Оларды өсіріп, жеткізу оңай болмағаны өзінен өзі түсінікті. Біраз жылдар Қаратаудағы аудандық ауруханада жұмысымды жалғастырдым. Кейіннен ұзақ уақыт жұмыссыз жүрдім. Сосын 1998 жылы Таразға көшіп келдік, - дейді апай күрсініп.
Екі балалы жесір әйелге қайнаған қала тіршілігі мейірімділік танытқан жоқ. Әупірімдеп жатақханадан орын алды. Мұнда да тұрғындарға жағдай жасалмаған. Азынаған ескі бөлмені от жағып жылытасың, ал, тозығы жеткен лас дәлізде арлы-берлі жүрудің өзі жиіркенішті әрі қорқынышты болатын. Жұмыс таба алмады. Жасы қырықтан асып кеткендіктен өз мамандығы бойынша еш жерде қызметке алғысы келмейді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде аз ғана мерзімге әлеуметтік, қоғамдық және маусымдық жұмыстар істеп жүрді. Ал, ұлдары Жанболат пен Жандос мектепте оқитын. Екеуіне алатын жәрдемақысы мен кездейсоқ табыстарды барлығына жеткізуге тырысып бақты.
Осы кезде, яғни 2005 жылдары өзінің мемлекеттік қордан пәтер алуға құқылы екендігін естіп, қалалық «Тұрғын үй» КМК-не кезекке тұрды. Мемлекет 11 санатқа жатқызылған тұлғаларға жеңілдікпен пәтер береді екен, соның бірі – балаларын отағасының (немесе анасының) көмегінсіз тәрбиелеп жатқан толық емес отбасылар. Дегенмен, көңілде «осынша адам баяғыдан сарыла пәтер кезегін күтіп жүргенде, маған кезек қашан жетер дейсің» деген күмән болғаны рас. Соған қарамастан, күдігін үмітке жеңдіріп, бес жыл бойы үзбей барып кезегін біліп тұрды. Ол оның бір міндетті жұмысы секілді еді. Аса бір шаруасы болмаса да, арнайы шақырмаса да, әкімдікке ара тұра бір соғып кететін. 2010 жылы күтпеген жерден қалалық әкімдік өкілдері «Бәйтерек» мөлтек ауданынан екі бөлмелі пәтердің кілтін қолына ұстатты. Әсіресе, балалардың қуанышын айтып жеткізу қиын. Жастайынан қиындықтың дәмін татып өскен жеткіншектер ғажайыпқа сене бермейтін, бірақ, мына жағдай көздеріне жас үйірді. «Өз үйің – өлең төсегің» болғанға не жетсін. Бала болса да, олар оны жақсы түсінеді. Сол себепті де Жанболат пен Жандос үшін тағдырдың бұл сыйының орны ерекше.
Рахима апай бүгінде осы мөлтек ауданда аула сыпырушы. Ай сайын коммуналдық пәтердің жалдау ақысын төлеп тұрады. Оған және күнделікті күнкөрісіне айлық жалақысы жеткілікті. «Әйтеуір аула сыпырсам да, адал еңбекпен тапқан табысым емес пе, Алла соның берекесін беріп, ырыс-құтын асырғай» дейді апай. Қос ұлы да арнайы орта оқу орнын мемлекеттік грант негізінде аяқтаған. Қазір түрлі салаларда жұмыс істейді. Балалары үнемі анасына дем беріп, осы қара шаңырақта әлі шаттыққа толы талай жылдарын, үйлену, шілдехана, бесік тойларын өткізетіндеріне бек сенімді. «Анама қорған болам, оның біз үшін жасаған жанкешті әрекеттеріне мен де жақсылықпен жауап қатқым келеді» деді Жандос бізбен әңгімесінде. Перзент арманының орындаларына еш күмәніміз жоқ.
- әйел
- Рахима Әтешева
- Тараз
- ана