Ел назарын басқаға бұрудың қазақстандық әдісі
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Әлемдегі біраз елдің басшылары мен билік өкілдерінің оффшорға тыққан қаржысын әшкерелеген «Панама құжаттары» жұрт назарына жарияланғанда бірнеше мемлекеттің халқы наразылық танытты. Осыдан кейін Исландия Премьер-министрі қызметінен кетті. Өзге елдегі басқару тетігін ұстағандар халқының алдында ақталуға мәжбүр болды. Дүниені дүрліктірген сол мәліметтердің арасында Премьер-министр орынбасары Дариға Назарбаеваның ұлы Нұралы Әлиевтің де аты аталғанын жалпақ әлем түгел естіді.
Жұмбақ №1. Ақша тасқыны
Дағдарыс кезінде әр тиынын есептеп отырған елдер үшін «Панама құжаттары» жарылған бомбадай әсер етті. Ал, қазақ қоғамы депутаттар тұрған қонақүй құны мен оған қатысты мәжілісмен Қарақұсованың сөзін, қате жазылған бұйрыққа қол қойған мәдениет министрі мен жерді сатуға ұсыныс айтқан Үкіметті талқылап жатыр.
Құпия құжаттардың бір сәтте әлемнің сексеннен астам елінде әшкере болуымен тұспа тұс келген біздің шенділеріміздің «шалалығы» қазақстандықтардың назарын негізгі оқиғадан бұру болуы да мүмкін. Солай болды да. Бүгінге дейін қараша халықтың хабары болмаған жаһандық оффшорлық желі туралы Панаманың «Mossack Fonseca» заңгерлік фирмасының құжаттарынан белгілі болды. Онда әлемдегі 130 саясаткер мен танымал тұлғаларының қаражаты туралы деректер бар.
«Mossack Fonseca»-ның құжаттар мұрағаты 2,7 терабайтты құрайтын 11 миллионнан астам файлды қамтиды екен. Онда компанияның 1977 жылдан бастап биылғы көктемге дейінгі қызметі қамтылған. Наурыз айының соңына қарай бұл мәліметтер немістің «Süddeutsche Zeitung» газетіндегі тілшілердің қолына тиген. Одан әрі қарай журналист-зерттеушілер халықаралық қауымдастығының қолына түсіпті. Құжаттағы деректерді зерттеуге әлемдегі 400-ге жуық тілші қатысты. Бұрынғы және қазіргі мемлекет басшылары, танымал тұлғалар мен саясаткерлер «Mossack Fonseca» көмегімен Панамада оффшор ашып, миллиардтаған долларды құрайтын дүние-мүліктің салығын төлеуден жалтарған. Журналистік зерттеу әлі аяқталмаса да, қазірдің өзінде «Панама құжаттары» аталып кеткен деректердің ішінде экс және қазіргі ел басқарып отырған 12 тұлғаның, 128 халықаралық деңгейдегі саясаткерлер мен әлемге танымал тұлғалардың аттары аталады. Бұл тізімнен тағы талай адамның аты шығуы мүмкін. Журналист-зерттеушілер халықаралық қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, «Mossack Fonseca» құжаттарында әлемнің 200 еліндегі азаматтарға қатысты 214 488 оффшорлық компаниялар аталған.
Осы деректердің арасында Қазақстанның вице-премьері Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевтің де аты аталады. Ол Виргиния аралдарында екі компанияға иелік еткен. Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеумен айналысатын (OCCRP) Орталық сайты келтірген деректер бойынша Нұрәлі Әлиев ол компанияларды банкілік қаржы аударымдарын жасауға және люкс-класты яхта сатып алуға пайдаланған. Құны шамамен 2 млн АҚШ доллары болатын 23 метрлік яхтаны Қазақстанның вице-премьері Д.Назарбаева мен бұрынғы ҰҚК бастығы Р.Әлиевтердің ұлы 2008 жылы 9 сәуірінде сатып алыпты. 2013 жылдың басында Нұрәлі Әлиевтің байлығын «Форбс» 200 миллион доллар деп бағалаған. 2014 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне келген 29 жастағы Нұрәлі Әлиев осы оқиға қарсаңында, яғни, өткен айда өз өтінішімен жұмыстан кетті. Себебін мардымды түсіндіріп бере алмады.
Осы құжаттардың ішінен Нұрәлі Әлиевтен бөлек тағы бір қазақстандықтың аты шықты. Сержан Жұмашев салықтан айналып, Швецияның Nordea банкінен $366 млн алған. Журналистік зерттеулерге арналған шведтік «Uppdrag granskning» телебағдарламасы жуырда қызықты бір деректің бетін ашты. 2009 жылдың бер жағында «Nordea банкі» Мәскеудегі құрылыс жобасына қыруар қаражат – 3 млрд крона ($366 млн шамасында) қарыз берген. Скандинавиялық сарапшылардың сөзіне сенсек, бірқатар аты бар да заты жоқ компанияларды аралап шыққан ақша қазақстандық олигарх Сержан Жұмашевтің қалтасына түседі. 48 жастағы Сержан Жұмашевті «Forbes» журналы Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде 15-ші орынға орналастырған болатын. Оның негізгі қызметі – девелопмент, яғни, жылжымайтын мүліктерді жаңартып, қайта сату. Ол, Capital Partners компаниясының еншілес иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Мәскеудегі бірқатар ірі жобалармен танымал бұл компания 2007-2011 жылдар аралығында құны $1 миллиард 370 миллионды құраған «Медеу» мен «Шымбұлақты» жаңғырту жобасын жүзеге асырып, 2011 жылы өткен Азиаданың ең негізгі нысаны саналған спорт кешенінің құрылысын жүргізген.
Оффшорлық бизнес қылмыс емес. Өз қаржысын салықтан босату немесе аз салық төлеу үшін оффшорлық компанияларды пайдалану әлемде қалыпты тәжірибеге айналған. Бірақ, мүлікті заңдастырудың екінші науқаны кезінде Елбасы қазақстандықтарға шет елде жасырған қаржыларын елге әкеліп, қазақтың игілігіне жұмсауды талап етіп отырған тұста мынау анықталған деректер жұмсартып айтқанда «ыңғайсыз» естіледі екен.
Айта кетейін, 2013 жылы журналист-зерттеушілер халықаралық Консорциумы 64 қазақстандықтың оффшор иесі екенін жариялаған болатын. Сол кездегі тізімде Алмас Сұлтанғазин («Сулпак» компаниясының иесі), Владимир Чумашкаев («Батыс Калий» компаниясының бас директоры), Нұрбек Аязбаев ( «Евразия Банкінің» сол кездегі басқарма мүшесі), Айбек Байсақалов («Кәсіпқор» холдингінің директоры), Нұрлан Қаппаров (сол кезде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі) секілді танымал азаматтар бар еді.
Жұмбақ №2. Су тасқыны
Сөз басында айтқаны-мыздай, сайлаушылар өздері сайлаған дептутаттар мен олар сайлаған министрлердің қылығын талқылап жатқанда Петропавл қаласының 86 жасар тұрғыны суға тұншығып, мерт болған. Бұл өңір Қазақстанның өзге үш облысы секілді тасқын сумен арпалысып жатқанына екі аптадан асты.
Көршілерінің айтуынша, Петропавлдың «Бензострой» ықшамауданында тұратын кейуана таңертең үйіне кірген суды сорып тастау үшін құтқарушыларды шақыртқан екен. Бірақ, арнайы жасақ тек кешкі бесте келіп жеткен. Оған дейін зейнеткер суға тұншығып қалыпты. Мәйітке сараптама жасаған СҚО Ішкі істер департаменті зейнеткердің өкпесінен су табылмағанын мәлімдеді. Қала әкімі Марат Тасмағанбетов болса, «су тасқынынан қаза болғандар жоқ» деп кесіп айтты.
Қазір елдің 4 облысындағы 43 елді мекен суда қалып отыр. Еріген қар суы мен жауыннан кейінгі қызыл су 535 баспанаға кірген. Жолдар мен көпірлер бұзылған. Қазір соның зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр. Бізде осы, айтылады-орындалмайды, қыстың болғанын көктемде ғана білеміз.
Мінеки, осындай шулы мәселелер тұрғанда әлдебіреулер Гүлжан Қарағұсованың аузынан шыққан түсініксіз сөздер мен депутаттардың пәлен дейтін қонақүйде пәлен теңгемен жатқанын айтып, болмашы нәрсемен елдің назарын негізгі мәселелерден аударып әкеткісі келгендей болды. Әйтпесе оффшорда тығылып жатқан қанша қаржы бар екенін кім білсін, елдің солтүстігіндегі су басқан аймақта не болып жатқанынан елдің анау айтқандай хабары да жоқ. Осылардың қасында 30 депутаттың 10-15 күн қонақ үйде жатқаны да сөз бопты ма, тәйірі?! Былайша айтқанда, кім бастаса да бір былықпен бір былықты жапқысы келгендей. Басқаша түсіне алмадық...
- оффшор
- ақша
- қызық ақпарат