Танымал журналист Сара Назарбаеваның мерейтойына қатысты жақ ашпаған мемлекеттік БАҚ-тарға таң қалды
Орыс тілді қазақстандық белгілі журналист Ержан Сүлейменов мемлекеттік БАҚ-тардың жұмысын сынға алды. Нақтырағы, ол елдің бірінші ханымы Сара Назарбаеваның 75 жылдық мерейтойының кеңінен насихатталмағанына алаңдаушылық танытып, мемлекет қаржыландырып отырған ақпарат құралдары неге үнсіз отыр деп таң қалысты. Танымал журналист бұл туралы ойымен «фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті.
«А что госы молчат? Сегодня ДР у Сары Назарбаевой... 75 лет между прочим...первая леди...как никак...» деп жазды Е.Сүлейменов. Бұл жазба желі қолданушыларының да қызығушылығын тудырды. Пост қызу талқыланып, қолдауға ие болды. Бірі «Келісемін, дұрыс жасамады» деген пікір қалдырса, келесісі «Мүмкін жоғары жақтан сондай бұйрық түскен шығар» деп өз болжамын жасаған. Көбі С.Назарбаеваның ел назарынан жырақта жүргеніне 10 жылдай уақыт өткенін жазған. Ал енді бірі Сара Алпысқызының дәл қазіргі таңда Қазақстанның бірінші ханымы екеніне күмән келтірген. Естеріңізге сала кетейік, кеше, 12 ақпан күні Сара Назарбаева 75 жасқа толды. Сара Алпысқызы 1941 жылы бұрынғы Жезқазған облысының Қызылжар кентінде дүниеге келген. 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан. Тұрмысқа шыққанға дейінгі фамилиясы – Қонақаева.
- Сара Назарбаева
- Сара Қонақаева
- Нұрсұлтан Назарбаев
- Ержан Сүлейменов