Шымкенттіктер қоқыстан электр энергиясын өндіретін болды
Шымкентте қоқыстан электр энергиясын өндіретін станса салынады. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, аталмыш станса 2014 жылы Шымкент қаласының маңында пайдалануға берілген қоқыс іріктейтін зауыттың базасында салынбақ және ол қалаға қосымша 50 МВт электр энергиясын беретін болады.
«Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағы қатты өсуде. Біздің Шымкент қаласына 40 елді мекен қосылды және 81 шағын аудан құрылған. 2014 жылы іске қосылған қоқыс өңдеу зауыты барлық қоқысты өңдеп үлгере алмай жатыр. Толыққанды қоқыс өңдейтін зауыт деп оны айтуға келмейді, оны қоқыс іріктейтін зауыт десе де болады. 2015 жылы ол зауыт Шымкент қаласының коммуналдық шаруашылық меншігіне қайта берілді. Аталмыш кәсіпорынның иесі болып табылатын инвестормен келіссөздер жүргізілуде. Инвестициялық жоспар бойынша, олар бұл іріктеу зауытын толыққанды өңдеу цикліне көшіру үшін, зауытты кеңейтуді көздеуде. Қазіргі уақытта әкімдік пен зауыт Гонконг пен Сингапур тәжірибелерін зерттеді, келешекте біз барлық қоқысты электр энергиясына айналдырып отыруды жоспарлаудамыз. Қоқыс өңдеу стансасы 50 МВт электр энергиясын шығаратын болады. Сонымен қатар қосымша жылу энергиясы да өндіріледі», - деді әкім.
Дереккөз: ҚазАқпарат
- шымкент
- ЮКО
- ОҚО
- қызық ақпарат