ҚР ІІМ: "Жай митингке шыққандардың соңына түспейміз"
Жер кодексіндегі өзгертулер мен түзетулерге қарсы шыққан қазақстандықтар Атырау, Ақтөбе, Семей, Ақтау, Жаңаөзен және Қызылорда қалаларында митинг өткізген болатын. Наразы топ жер шетелдіктерге сатылу былай тұрсын, жалға берілетін болса да 21 мамырда қайта митингке шығамыз деп талаптарын қойған еді. Енді ҚР ІІМ рұқсатсыз шеруге шыққандарға қарсы шара қолданамыз деп отыр. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Қалмұхамбет Қасымов Парламент отырысынан кейін журналистермен болған сұхбатта мәлімдеді деп жазды SKIFNEWS.KZ.
"Біз бұл мәселені жіті бақылауымызға алып отырмыз. Менің ойымша, митинг өткізуге себеп жоқ, бұл мәселе шешімін тапты. Қазір мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Проблемалар талқылануда. Бізде митинг өткізетін орындар бар, өткізудің тәртібі бар. Егер ол бұзылатын болса, шеруге шыққандар қозғалысқа кедергі келтіретін болса, онда олар жауапкершілікке тартылатын болады" деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, бұған дейін митингке шыққандардың ешбіріне полицейлер тарапынан шара қолданбаған. Дегенмен, деректер тексерілетін болады.
"Нақты заңсыздық орын алған жерде, тас атқан адамдар бұл әрекеттері үшін жауап беретін болады. Ал, жай митингке шыққандардың соңына түспейміз" дейді министр Қасымов.
Айта кетейік, жер проблемасын шешу үшін құрылған комиссия кешегі аптаның сенбісінде алғашқы отырысын өткізген болатын. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған комиссия құрамына барлығы 75 адам кіреді. 7 сағатқа созылған алғашқы отырыста тараптар бірқатар шешімдерге келді.
- Қалмұханбет Қасымов
- Калмуханбет Касымов
- ҚР ІІМ
- МВД РК
- митинг
- жер дауы
- Корреспондент
- қызық ақпарат